«72 рет пышақтар едім»: Нұрай ісіне қатысты шу болған пікірдің авторы алғаш рет тіл қатты
Нұрай Серікбайға қатысты жарияланған жазбаның астына «72 рет пышақтар едім» деген пікір қалдырған әлеуметтік желі қолданушысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаров мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Адвокаттың сөзінше, азаматқа Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-бабы бойынша әкімшілік хаттама рәсімделген. Сот шешімімен оған 86 500 теңге көлемінде айыппұл салынған.
Кейін пікір иесі видеоүндеу жариялап, өз жазбасының Нұрай Серікбайға емес, қылмыс жасаған адамға бағытталғанын айтты.
Оның айтуынша, әлеуметтік желі қолданушыларының бірі: «Егер қызыңды 36 рет пышақтап кетсе, не істер едің?» деген сұрақ қойған. Осыған жауап ретінде ол қылмыскерді меңзеп, «72 рет пышақтар едім» деген пікір жазғанын жеткізді.
Сондай-ақ ол Қазақстан азаматы ретінде қылмысты да, қылмыскерді де ешқашан қолдамағанын атап өтті. Егер жазбасы Нұрайдың отбасының көңіліне тиген болса, кешірім сұрап, ешқандай жаман ниеті болмағанын айтты.
Бұған қоса, ол әлеуметтік желі қолданушыларын пікір қалдырғанда эмоцияға берілмей, ауыр әрі орынсыз сөздерден аулақ болуға шақырды.
Соңғы жаңалықтар