Әкімнің үйінде пеш түсіруге көмектескен оқушының саусағы ампутацияланды

11.10.2026 • 16:32 Қарақат АСЫЛОВА
Әкімнің үйінде пеш түсіруге көмектескен оқушының саусағы ампутацияланды
230
Ашық дереккөз

Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында 11-сынып оқушысы металл пешті түсіру кезінде ауыр жарақат алды, деп хабарлайды Politico.kz сайты Ulysmedia.kz-ке сілтемемен.

Оқиға ауыл әкімінің үйінің ауласында болған. Дәрігерлер баланың зақымданған саусағының бір бөлігін ампутациялауға мәжбүр болды.

Оқиға 8 қазанда Құмтоғай ауылында болған. Кешкі уақытта ауыл әкімі Мұрат Санымбаевтың үйіне металл пеш жеткізілген. Оны түсіруге көмектескен мектеп оқушысының қолын ауыр зат басып қалған.

Жарақат алған баланың анасы Гүлзира Өксікбаева оқиғаның қалай болғанын бірден білмегенін айтады. Оның сөзінше, ұлы әкімнің ауласында есінен танып қалған. Есін жиған кезде ол УАЗ көлігінде отырған.

Әйел баласына алғашқы медициналық көмектің қай жерде көрсетілгенін және қандай дәрі егілгенін білмейтінін жеткізді. Оның айтуынша, бұл туралы өзге адамдардан естіген. Сондай-ақ анасы ауылда медициналық амбулатория бола тұра, алғашқы көмек неге көлікте көрсетілген болуы мүмкін деген сұрақ қойды.

Гүлзира Өксікбаевтың айтуынша, оқиғадан кейін ауыл әкімі баласының жағдайын сұрамаған әрі көмек ұсынбаған. Қазір анасы ұлына қажетті медициналық құралдарды алу үшін қалаға барған.

Ал ауыл әкімі Мұрат Санымбаев оқиғаны растады. Оның түсіндіруінше, жарақат алған оқушы үйінде тұратын інісінің баласымен бірге келген. Пешті түсіруге көмектесіп жатқанда баланың қолын ауыр зат басып қалған.

Әкімнің сөзінше, оқиға орнына алдымен ауыл дәрігері келіп, алғашқы көмек көрсеткен. Кейін жасөспірімді ауруханаға інісінің көлігімен жеткізген. Ол бастапқыда баланың саусағының ұшы тігіліп, жағдайы жақсы екенін айтқан.

Мектеп қызметкерлері оқиға туралы келесі күні ғана білген. Мектеп директорының айтуынша, оқушы жарақатты сабақтан тыс уақытта алған. Жұма күні бала сабаққа келмеген соң, мектеп өкілдері ата-анасымен байланысқан.

Алайда медициналық тексеру барысында жарақаттың ауыр екені анықталған. Ырғыз аудандық ауруханасының мәліметінше, баланың тырнағы жұлынып, саусағы қатты зақымданған. Рентгеннен кейін дәрігерлер ота жасау туралы шешім қабылдаған.

«Жараға хирургиялық өңдеу жүргізіліп, медициналық көрсетілімдерге сәйкес саусақтың бірінші буыны деңгейінде ампутация жасалды», – деп хабарлады аурухана өкілдері.

Айта кетейік, Мұрат Санымбаев Құмтоғай ауылдық округін 2023 жылдың ақпанынан бері басқарып келеді.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Войдите, чтобы оставить комментарий