Шымкентте Қайрат Нұртастың концертіне жауапты ұйымдастырушы ұсталды

11.10.2026 • 17:22 Қарақат АСЫЛОВА
Шымкентте Қайрат Нұртастың концертіне жауапты ұйымдастырушы ұсталды
224
Фото: Шымкент ПД

Шымкентте әнші Қайрат Нұртастың концерті кезінде болған адам көптігіне байланысты ұйымдастырушы ұсталды, деп хабарлайды Politico.kz.

Алдын ала мәлімет бойынша, концертке сатылған билеттер саны алаңның белгіленген сыйымдылығынан едәуір асып кеткен. Соның салдарынан көрермендер арасында жаппай тығыздық пайда болып, адамдардың қауіпсіздігіне қауіп төнген.

Шымкент қалалық полиция департаментінің мәліметінше, концерт кезіндегі итеріс пен адам көптігінен 18 жастағы қыз жарақат алып, ауруханаға жеткізілген.

Құқық қорғау органдары әлеуметтік желілерде тараған адам өлімі туралы ақпаратты да жоққа шығарды. Полицияның хабарлауынша, оқиға салдарынан қаза тапқандар жоқ.

«Алдын ала деректер бойынша, сатылған билеттер саны концерт өтетін алаңның рұқсат етілген сыйымдылығынан едәуір көп болған. Бұл адамдардың жаппай жиналуына және көрермендердің қауіпсіздігіне қатер төнуіне әкелді», – деп мәлімдеді полиция.

Концертті ұйымдастыруға жауапты, 1984 жылы туған Л. есімді азамат ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Полиция өкілдері тұрғындарды тексерілмеген ақпаратты таратпауға шақырды. Сондай-ақ жалған мәлімет тарату заң бойынша жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін еске салды.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Войдите, чтобы оставить комментарий