Әділет Нұрсағатұлы Қожанбаев Семей қаласының әкімі болып сайланды

Әділет Нұрсағатұлы Қожанбаев Семей қаласының әкімі болып сайланды
15.10.2025 09:08
0
118
фото: gov.kz

Семей тарихи таңдау жасады: қаланың жаңа әкімі болып Әділет Қожанбаев сайланды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

Семей қаласының тарихында тұңғыш рет өткен тікелей әкім сайлауының нәтижесі жарияланды. 12 қазанда өткен дауыс беру қорытындысы бойынша, сайлаушылардың басым көпшілігінің дауысын жинаған Әділет Қожанбаев жеңіске жетті.

Аумақтық сайлау комиссиясының 14 қазанда таратқан ресми мәліметіне сәйкес, Әділет Қожанбаевқа 89 441 адам немесе сайлаушылардың 78%-ға жуығы сенім білдірген. Оның бәсекелестері Қайрат Төлеуов 12 557 дауыс, ал Амангелді Бекжасаров 9 763 дауыс алды.

Сайлауға жалпы 220 761 тіркелген азаматтың 118 553-і қатысып, белсенділік 53%-ды құрады. Комиссияның хабарлауынша, 2 482 бюллетень жарамсыз деп танылса, 4 310 азамат «Бәріне қарсымын» нұсқасын таңдаған.

Жаңа әкім Әділет Қожанбаев кім?

Әділет Нұрсағатұлы Қожанбаев 1980 жылы 1 қаңтарда бұрынғы Семей облысы, Көкпекті ауданының Биғаш ауылында дүниеге келген. Ол қаржы, заңгерлік және іскерлік әкімшілендіру салаларында білім алған білікті маман. «Тұран» университетінде «Бухгалтерлік есеп және аудит», «Құқықтану» мамандықтарын тәмамдап, кейіннен Ресей Президенті жанындағы Халық шаруашылығы және мемлекеттік басқару академиясында іскерлік әкімшілендіру шебері дәрежесін алған.

Еңбек жолын 2000 жылы Семейдегі «Крамдсбанк» филиалында қатардағы қызметкер болып бастаған. Кейін Алматыда «БТА Ипотека», «Темірбанк» секілді ірі қаржы ұйымдарында бөлім басшысынан бастап атқарушы директор лауазымына дейін көтерілді.

2014 жылы «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» (қазіргі «Otbasy bank») ауысып, онда операциялық департамент директоры, кейіннен Басқарма төрағасының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды. «Қазақтелеком» компаниясында да басшылық қызметте болды.

Мемлекеттік қызметке 2022 жылы келіп, Абай облысының Қаржы басқармасының басшысы болып тағайындалды. 2024 жылдың тамыз айынан бастап өзінің туған жері – Көкпекті ауданының әкімі қызметін атқарып келген еді. Енді, міне, Семей қаласының тізгінін ұстады.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий