«Аға» деп жүрген оқушы қыз еді». Асан Пердешов алғаш рет екінші әйелі туралы айтты

23.07.2026 16:49 Томирис САҒЫНДЫҚ
«Аға» деп жүрген оқушы қыз еді». Асан Пердешов алғаш рет екінші әйелі туралы айтты
78
Фото: видеодан скриншот

Танымал әнші Асан Пердешов алғаш рет екінші отбасы туралы айтты. Өнер иесінің сөзінше, екінші жарымен таныстығы оның мектеп жасындағы кездерінен басталған. Оған көршілерінің өтiнішi себеп болып, әнші бойжеткенге ән жазып берген және оны концерттік бағдарламаларына қатыстырған. Алайда гәстрөлдік сапарлар аяқталғаннан кейін олардың арасындағы байланыс біршама уақытқа үзілген, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы әнші «Кездесу» бағдарламасында айтты.

«Мен әнші болып жүрген кезде ол қыздың дауысы өте әдемі еді. Содан оның анасы маған келіп: «Осы біздің көршіміз едің ғой, дауысы әдемі қызға ән жазып берші. Дауысын тыңдап, бақылап көрші», – деп өтінді. Мен тыңдап көрдім. Өзі бірінші көргенімде кішкентай, мектепте оқитын оқушы қыз еді. Дауысы да, өзі де өте жақсы болатын. Кейін біз концерттермен жүрдік, ол концертімізде қонақ болып өнер көрсетіп жүрді. Мен ән айтып болған соң, киім ауыстыруға кеткенде ол арасында сахнаға шығып ән айтатын. Осылайша гәстрөлдік сапар аяқталды. Одан кейін ол біраз уақыт көрінбей, хабарсыз кетті. Араласпай, отбасымен де байланыс үзіліп, біраз уақыт өтті», – деді Асан Пердешов.

Ары қарай жұлдыз ажырасқан соң психологиялық тұрғыда қиналып, депрессияға түскенін жасырмады. Өнер иесі бұл тығырықтан шыққаннан кейін туыстарының кеңесімен қайта отбасын құруға шешім қабылдаған. Жаңадан шаңырақ көтеру мақсатында іздеу салып жүрген кезеңде ол бұрыннан танитын, ол кезде бойжетіп студент атанған әлгі қызбен қайта хабарласқан. Арадағы ашық әңгімеден кейін екі тарап өзара келісімге келіп, отбасын құрған.

 «Сол аралықта мен өзімнің алғашқы отбасыммен ажырастым. Екі жаққа кеттік, тағдырдың жазғаны солай болған шығар. Уақыт өтті, депрессия деген де нәрсе болады екен, оны жеңуім керек болды. Сол бір қиын шақтарды артқа тастағаннан кейін үйдегілер: «Үйленсейші, қашанға дейін жалғыз жүресің?» – деп мазалай бастады. Осылайша екінші рет отбасын құру керек болды да, бәріміз жабылып қыз іздедік. Өзім үйдегілерге: «Сіздер тауып беріңіздер, сіздер тапқан қызға үйленейін», – дедім. Олар да, бәріміз де іздедік. Мен де өзімше іздеп жүрмін. Жігіт болған соң сол кездері сөйлесіп, хат жазысып жүрген қыздар болады ғой. Сол қыздардың суретін қазіргі жұбайыма жіберіп: «Мына қыз қалай екен?» – деп сұрайтынмын. Ал ол кезде ол мені «аға» деп сыйлап жүрген еді. Мен одан: «Мынаны жеңеше қылсақ қалай болады?» – деп сұраймын, ал ол: «Мынауыңыз болмайды екен, мынауыңыз мынадай екен, ал мынауыңыз дұрыстау сияқты», – деп, екеуіміз ақылдасып жүретінбіз. Шынын айтқанда, ешкімді таппай қойдық. Уақыт өте берді. Ана отбасымның да, жеңешелерімнің де көрсеткен қыздары көңілімнен шықпады. Сосын ақырында: «Е, сен өзің қалайсың?» – деп сұрадым. «Немен айналысып жүрсің өзі? Не оқып жатырсың?» десем, ол: «Ой, аға, мен студентпін ғой», – деді. Оның үлкейіп қалғанын байқамай да қалған екенмін. Сосын ашық сөйлесіп: «Сен өзің қалайсың? Жалпы, қыз іздеп жүрміз ғой, өзің не дейсің?» – деп едім, екеуіміз бір келісімге келдік. Осылайша отбасын құрдық», – деді жұлдыз.

Войдите, чтобы оставить комментарий