«Ағамнан ұтылу ұят емес» Еркебұлан Тоқтар Данияр Елеусіновтің шақыруын қабыл алды
Рио Олимпиадасының жеңімпазы Данияр Елеусінов актер әрі файтер Еркебұлан Тоқтарға үн қатып, оны жұдырықтасуға шақырды. Бұл туралы Еркебұлан әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Актердің айтуынша, Данияр Елеусінов оның суретін желіге жүктеп: «Олимпиада чемпиондарын біреуден төмен көретін мына хайп қуған жігітті маған беріңіздер, жарты раундта-ақ құлатамын» деген сарында жазба қалдырған.
Бұған таңғалған Еркебұлан Тоқтар Олимпиада жеңімпаздары жайлы ешқашан теріс пікір білдірмегенін алға тартты:
«Мен бұл ағамызға не істеп қойғанымды білмеймін. Сұхбаттарымда Олимпиада чемпиондарына тіл тигізген емеспін. Мүмкін, мені мотиватормен шатастырып алған шығар. Ол кісі – Олимпиада чемпионы. Менің деңгейіме түсіп, менімен қолғап түйістіріп, өз деңгейін түсіретін адам емес еді», – деді актер.
Еркебұлан атақты боксшымен кездесуден қашпайтынын, алайда бұл тек белгілі бір талаптар орындалған жағдайда ғана мүмкін екенін жеткізді.
«Егер мені ұрғысы келсе, «Рух Боксингке» келіп жұдырықтассақ болады. Олимпиада чемпионы, қазақ ағамнан ұтылу мен үшін ұят емес. Ал егер халықтың алдында ұрғысы келсе, онда промоутерлерге гонорар, ақшасын төлетіп, ресми түрде жекпе-жек ұйымдастырсын. Ақшасын төлесе, мен шығып беремін. Ондай жағдайда шығуға дайынмын және барынша лайықты өнер көрсетуге тырысамын. Данияр екеуміз кездеспейінше, ол тынышталмайтын сияқты», – деп атап өтті.
Сөз соңында актер бұл жайтты жай түсініспеушілікке балап, жанкүйерлерінің ой-пікірін білгісі келетінін жазды.
Соңғы жаңалықтар