«Салықтарым қайда кетіп жатыр?»: Танымал актер Алматыдағы аурухананың жағдайын сынға алды

«Салықтарым қайда кетіп жатыр?»: Танымал актер Алматыдағы аурухананың жағдайын сынға алды

Қазақстандық танымал актер Санжар Мәди Алматыдағы Жедел медициналық жәрдем ауруханасындағы (БСМП) жағдайға наразылық білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.

Өнер иесінің айтуынша, әкесі денсаулығы күрт нашарлаған соң аталған медициналық мекемеге жатқызылған. Алайда ауруханадағы тұрмыстық жағдай көңіл көншітпейді.

Актер бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Оның сөзінше, науқастарға берілетін тамақ пен шай суып қалады. Бұдан бөлек, бөлімшеде дәретхана қағазы мен сүлгі секілді қарапайым гигиеналық заттар да жоқ.

Санжар Мәди әкесінің өткен жылы да осы ауруханаға түскенін еске алды. Сол кезде медициналық қызмет сапасын жақсарту үшін Денсаулық сақтау министрлігі мен аурухананың бас дәрігеріне дейін хабарласуға мәжбүр болған.

Актер мұндай мәселелерді шешу үшін неге міндетті түрде жоғары лауазымды тұлғаларға жүгіну керектігін түсінбейтінін жеткізді. Оның пікірінше, науқастарға қажетті қарапайым жағдайды жасау үшін арнайы шағымданудың қажеті болмауы керек.

Сондай-ақ ол Алматының орталығындағы ірі медициналық мекемеде осындай жағдай болса, басқа өңірлердегі ауруханаларда науқастар қандай қиындықтарға тап болып жатқанын елестетудің өзі қиын екенін айтты.

«Менің салықтарым мен аударымдарым қайда кетіп жатыр?» – деп сауал қойды Санжар Мәди.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу