Ағашқа келтірілген залал үшін 9–80 АЕК: Депутат бұл сомалардың негізін сұрады
Құрылтай депутаты Ажар Сағандықова ағаштар мен бұталарға келтірілген залалды өтеу мөлшері қалай есептелетінін түсіндіруді сұрады, деп хабарлайды Politico.kz.
ЖСДП фракциясының мүшесі депутаттық сауалын Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыровқа жолдады.
2025 жылы ағаштар мен бұталарды заңсыз алу, дайындау, зақымдау немесе жою үшін бөлек өтемақы мөлшерлері енгізілген. Ағаштың түрі мен жасына қарай олар 9–80 АЕК аралығында белгіленген.
Депутаттың айтуынша, азаматтар мен заңды тұлғалар нақты ағаш үшін неліктен осындай сома төлейтінін түсінуі керек. Оның негізінде ашық ғылыми, экологиялық және экономикалық есеп болуы қажет.
Жойылып бара жатқан сирек өсімдікті құрту мен қалпына келтіруге болатын кәдімгі ағашты зақымдаудың салдары бірдей емес. Бір реттік бұзушылық пен тұтас өсімдіктер тобына келтірілген зиянды да бірдей тәсілмен бағалау әділ бола бермейді.
Сағандықова залалды есептегенде өсімдіктің қорғау мәртебесін, зақымдану деңгейін, қалпына келтіру мүмкіндігі мен нақты шығынын, аумақтың экологиялық маңызын ескеруді ұсынды. Сондай-ақ жұрт өндірілген қаражатқа табиғаттың қай бөлігі қалпына келтірілгенін білуі тиіс.
ЖСДП жауапкершілікті жеңілдетуді ұсынбайды. Фракция залалды бағалауда зақымдалған ағаштардың санымен қатар, қоршаған ортаға тиген салдарын да ескеретін ашық әдістеме қажет деп санайды.
Соңғы жаңалықтар