«Ағасы Мәскеуде, інісі қақпанда»: Қожамжаровтар әулетінің 2,6 миллиард теңгелік мүлкі бұғатталды

05.12.2025 15:00 Арман Ермеков
«Ағасы Мәскеуде, інісі қақпанда»: Қожамжаровтар әулетінің 2,6 миллиард теңгелік мүлкі бұғатталды
0
573
Фото: ашық дереккөз

Бір кездері еліміздің ең ықпалды тұлғаларының бірі болған Қайрат Қожамжаров шетелде бас сауғалап жүргенде, оның Қазақстандағы туыстары заңның құрығына ілікті. Алматы соты экс-шенеуніктің жақындарына тиесілі қомақты активтерге тыйым салды, деп хабарлайды Politico.kz.

Оқиға желісі болжамға сай өрбіп жатқандай. Сот кабинеті платформасында жарияланған шешімге сәйкес, бұғаттау шарасы Халық банкінің талап арызы негізінде жүзеге асқан. Сот экс-бас прокурордың інісі Дулат Қожамжаров пен Гүлназ Қожамжарованың, сондай-ақ олармен байланысты төрт бірдей компанияның барлық жылжымалы және жылжымайтын мүлкіне шектеу қойды.

Талап етілген соманың көлемі аз емес. Банкке қайтарылуы тиіс қарыз бен мемлекеттік бажды қосқанда, жалпы құны 2 миллиард 627 миллион теңге болатын активтер бұғатталды.

Қара тізімге ілігіп, шоттары мен мүлкіне тыйым салынған компаниялар:

  • "Группа Компаний "Ойл Снаб" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі;
  • «HILL Resources» ЖШС;
  • «HILL Invest» ЖШС;
  • «AvtoTechMas Ltd» ЖШС.

Бұл Дулат Қожамжаровтың сотқа бірінші рет сүйрелуі емес. Бұған дейін ол «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының еншілес мекемесімен де соттасып, дауға қалған болатын.

Бұл жағдай жай ғана банк пен борышкер арасындағы дау емес, үлкен процестің бір бөлігі сияқты көрінеді. Біз бұған дейін Қаржы полициясы мен Бас прокуратураны басқарған Қайрат Қожамжаровтың қазір Мәскеуде бой тасалап, үрей құшағында өмір сүріп жатқанын жазған болатынбыз.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий