Қайрат Қожамжаровтың інісінің компаниясы ҚТЖ-мен сотта жеңілді

29.10.2025 17:35 Арман Ермеков
Қайрат Қожамжаровтың інісінің компаниясы ҚТЖ-мен сотта жеңілді
0
1227
фото: ашық дереккөз

Қазақстанның бұрынғы Бас прокуроры Қайрат Қожамжаровтың туған бауыры Дулат Қожамжаровқа тиесілі «High Industrial Lubricants & Liquids Corporation» (қысқаша HILL) ЖШС сот шешімімен «ҚТЖ-Жолаушылар локомотивтері» ЖШС-на 100 миллион теңгеден астам айыппұл мен қарыз төлеуге міндеттелді, деп хабарлайды POLITICO.KZ "За нами уже выехали" арнасына сілтеме жасап.

Даудың басы өткен жылдың соңында HILL компаниясы мен «ҚТЖ-Жолаушылар локомотивтері» арасында жасалған дизель майын жеткізу туралы келісімшарттан басталған. Келісімшарт бойынша, Дулат Қожамжаровтың компаниясы 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін жалпы сомасы 504 миллион теңгеге дизель майын жеткізуі тиіс болған. Алайда, компания бұл міндеттемесін толық орындамаған.

2025 жылдың 1 тамызында HILL компаниясы мемлекеттік органдардың тексерулері мен сот істеріне байланысты жұмысты жалғастыру қиынға соққанын алға тартып, келісімшартты бұзуды сұраған.

Осыған жауап ретінде «ҚТЖ-Жолаушылар локомотивтері» серіктестіктен бұрын төленген 46 миллион теңге көлеміндегі авансты қайтаруды және келісімшарттың жалпы сомасының 10 пайызы мөлшерінде, яғни 50,4 миллион теңге айыппұл төлеуді талап етіп, сотқа жүгінген.

Дулат Қожамжаровтың компаниясы өкілдері жеткізілімнің 40 пайызы орындалғанын негізге алып, айыппұлды төлеуден бас тартуды сұраған.

Алайда, сот іс материалдарын зерттей келе, «ҚТЖ-Жолаушылар локомотивтері» компаниясының талап-арызын толығымен қанағаттандыру туралы шешім қабылдады.

Сот шешіміне сәйкес, HILL компаниясынан «ҚТЖ-Жолаушылар локомотивтері» ЖШС пайдасына:

  • 45 769 957 теңге аванс;
  • 50 401 768 теңге айыппұл;
  • 2 885 152 теңге мемлекеттік баж салығы өндірілетін болды.

Айта кетейік, Дулат Қожамжаров – майлау материалдарын шығарумен айналысатын «Hill Corporation» компаниясының жалғыз құрылтайшысы болып табылады.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий