Ағасына араша түсемін деп ажал құшқан 19 жастағы жігіттің өліміне кінәлілер сотталды

01.04.2026 11:00 Арман Ермеков
Ағасына араша түсемін деп ажал құшқан 19 жастағы жігіттің өліміне кінәлілер сотталды
277

Түркістан облысында ағасына көмекке келген інісін пышақтап өлтіргендерге сот үкімі шықты, деп хабарлайды Politico.kz.

Қайғылы оқиға 2025 жылдың 29 қазанында Төлеби ауданының Зағамбар ауылында орналасқан өзіне-өзі қызмет көрсететін көлік жуу орнында болған.

«Көлік жуу орнында сотталушы Наурыз Оспанов болмашы себеппен Сұлтан Оразгелдіні ұрып соғып, кейін оның шақыруымен оқиға орнына келген ағасы А. мен 19 жастағы інісі Мағжанда құқыққа қарсы қылмыстық әрекеттер жасаған», – деп мәлімдеді сот.

Төбелес барысында жүрек тұсына пышақ жарақатын алған Мағжан оқиға болған жерде көз жұмды.

Қылмыстық пиғылын одан әрі жалғастырған Наурыз Оспанов марқұмның ағасы Сұлтанға да бірнеше рет жарақаттар салып, қылмыс орнынан бой тасалаған.

Екінші сотталушы Дәурен Қабыл бұл қылмысқа кедергі келтірмей, қылмыс жасауына ықпал еткен.

Наурыз Оспанов ҚК-нің 293-бабының 1-бөлігімен, 99-бабы 2-бөлігінің 9-тармағымен, 24-бабы 3-бөлігімен, 99-бабы 2-бөлігінің 1,7,9-тармақтарымен, Дәурен Қабыл ҚК-нің 28-бабы 2-бөлігімен, 24-бабы 3-бөлігімен, 99-бабы 2-бөлігінің 1,7,9-тармақтарымен және 293-бабы 2-бөлігінің 2-тармағымен айыпталған.

Сот отырысында прокурор қос қылмыскерді 15 жылдан аса мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады.

Наурыз Оспанов өз кінәсін ішінара мойындап жеңіл жаза тағайындауды өтінді, ал Дәурен Қабыл тек бұзақылық бойынша кінәсін растап, қалған айыптардан өзін ақтауды талап етті. Өз кезегінде жәбірленуші тарап пен олардың заңды өкілі қылмыскерлерді кешірмейтінін ескертіп, оларды қатаң жазалауды сұрады.

Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты істі қарап, 2026 жылдың 30 наурызында түпкілікті шешім қабылдады.

Сот үкімімен Наурыз Оспанов кінәлі деп танылып, тағайындалған жазаларды ішінара қосу арқылы 20 жыл мерзімге, Дәурен Қабыл 15 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сонымен қатар сотталушылардан жәбірленуші тараптың пайдасына жалпы 25 млн теңге көлемінде материалдық өтемақы өндірілді.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий