Аида Балаева әйелдерді 8 наурыз мерекесімен құттықтады

08.03.2026 11:03 Арман Ермеков
Аида Балаева әйелдерді 8 наурыз мерекесімен құттықтады
38
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елдегі барлық әйелдер қауымын Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады, деп хабарлайды Politico.kz.

Премьер-министрдің орынбасары әрі ведомство басшысы әйелдердің бейбіт өмір мен тұрақтылықтың жаршысы екенін айтып, олардың қоғам дамуындағы қозғаушы күшке айналғанын атап өтті.

«Ардақты аналар, арулар, қадірлі қыз-келіншектер!

Сіздерді көктемнің шуақты мерекесі – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!  

Әйел-ана қай қоғамда да бейбіт өмірдің шырағы, береке-бірліктің бастауы, тыныштық пен тұрақтылықтың жаршысы.
Халқымыздың дүниетанымында да, ұлт әдебиетінде де, әйел-ана нәзіктік пен мейірімнің, махаббат пен адалдықтың, даналық пен табандылықтың символы саналады.

Сондықтан да әйелдер қауымы қай кезде де ел дамуының қозғаушы күшіне айналып, ұлт бірлігі мен болашағы жолында аянбай еңбек етіп келеді.

Қазіргі қоғам назарындағы жаңа Конституция жобасында адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау басты құндылық ретінде айқындалды.

Соның ішінде неке ер мен әйелдің ерікті әрі тең құқықты одағы ретінде алғаш рет бекітілді.
Кеше ғана Мемлекет басшысы атап өткендей, мұндай заң ережесі балалардың құқықтарын қорғауға, сондай-ақ әйелдер мен аналардың отбасындағы рөлін нығайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, ана мен баланы қорғау, отбасы институтын нығайту мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі саналады.

Аталған өзгерістер әйелдердің қоғамдағы рөлін тек әлеуметтік тұрғыда ғана емес, елдің орнықты дамуының негізі ретінде айқындай түседі. 

Бүгінде елімізде әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту, гендерлік теңдікті нығайту, отбасы құндылықтарын қорғау мәселелері мемлекеттік саясаттың маңызды бағытына айналды. Әділетті қоғам құру жолында әр азаматтың құқығы қорғалуға тиіс. Бұл ретте әйелдердің қауіпсіздігі мен қадір-қасиетін сақтау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, қыз алып қашу мен сталкинг сияқты теріс әрекеттерге қоғам болып қарсы тұру – баршамыздың ортақ міндетіміз деп білемін. 
Бұл ретте, ел игілігі жолында еселі еңбек етіп жүрген барша әйелдер қауымына алғыс-ризашылығымды білдіремін!

Бүгінгі мерекеге орай асыл әжелерімізге, ардақты аналарымызға, сырлас әпке-сіңлілеріме, қызғалдақтай жайқалған қырмызы қыздарымызға баянды бақыт пен әлемнің бар жақсылығын тілеймін! Өмірлеріңіз шуақты, нұрлы болсын!

Әрдайым қуаныш пен шаттыққа бөлене беріңіздер!
Мерекелеріңіз құтты болсын!», — делінген министрдің құттықтауында.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий