Air Astana ұшағына не болды: Хайнаньда 150-ден астам қазақ бір тәуліктен аса ұша алмай қалды

Air Astana ұшағына не болды: Хайнаньда 150-ден астам қазақ бір тәуліктен аса ұша алмай қалды
Фото: ашық дереккөз

Қытайдың Хайнань аралындағы Санья қаласынан елордаға бағыт алған Air Astana чартерлік рейсі бір тәуліктен аса уақытқа кешігіп, 150-ден астам отандасымыз елге дер кезінде жете алмады. Әуе тасымалдаушысы рейс кестесінің бұзылуына ұшақтағы техникалық ақау себеп болғанын мәлім етті, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл жағдай туралы алғаш болып сапарда жүрген жолаушылар Threads желісінде жазды. Желі қолданушыларының мәліметінше, рейс күткендердің арасында отызға жуық егде жастағы әйел мен жиырма шақты бала болған. Олардың көбі ұзақ сағаттар бойы әуежай күту залындағы орындықтарда түнеуге мәжбүр болған.

Көп ұзамай Air Astana әуе компаниясы оқиғаның мән-жайын түсіндірді. Ресми дерек бойынша, 4 қарашаға жоспарланған KC584 Санья – Астана бағытындағы чартерлік рейсі әуе кемесінің жасыл гидравликалық жүйесіндегі қысымның түсіп кетуіне байланысты тоқтатылған. Салдарынан рейс 27 сағатқа кешіктірілген.

Әуе компаниясы мамандар ақау анықталған бөлшекті ауыстырып, мәселені толық шешкенін мәлімдеді. Сондай-ақ жолаушыларға трансфер ұйымдастырылып, олар қонақүй мен ыстық тамақпен қамтамасыз етілгені хабарланды.

Ақауы жойылған ұшақ Санья әуежайынан жергілікті уақытпен 5 қараша күні сағат 10:07-де әуеге көтерілді. Кестеге сәйкес, борт Астана уақыты бойынша сағат 14:45-те елордаға қонуы тиіс.

Air Astana келтірілген қолайсыздық үшін жолаушылардан ресми түрде кешірім сұрады.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу