Әлем басшылары Тоқаевты Құрбан айт мерекесімен құттықтауда
Құрбан айт мерекесіне орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына шет мемлекеттердің басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен құттықтау хаттары келіп түсіп жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.
Атап айтқанда, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев бұл мейрамның тарихы мен дәстүрі ортақ халықтар арасындағы бауырластықты нығайтатынын жеткізді.
«Бірлескен күш-жігердің нәтижесінде екі елдің стратегиялық серіктестігі мен одақтастығы беки түсетініне сенімдімін», – деді Шавкат Мирзиёев.
Өз кезегінде бұл күнді рухани тазарудың белгісі ретінде сипаттаған Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров та ізгі тілегін жолдады.
«Бұл қастерлі мейрам тарихтан тамыр тартатын достығымызды, бауырластығымызды, халықтарымыз арасындағы өзара құрметті арттыра беретініне сенімім мол», – деді Садыр Жапаров.
Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон мерекенің достық пен тиімді ынтымақтастықты нығайтудағы маңызына тоқталды.
«Қастерлі мейрам ғасырлар бойы халықтарымызды ізгілікке, жомарттыққа, әділдікке, өзгеге көмек қолын созуға үндеп келеді», – деді Эмомали Рахмон.
Ал Түрікменстан басшысы Сердар Бердімұхамедов бұл күннің күллі мұсылман үмбетін біріктіретінін атап өтті.
«Ортақ рухани құндылықтарға деген ұмтылыс халықтарымыз арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ете беретініне күмәнім жоқ», – деді Сердар Бердімұхамедов.
Сонымен қатар мерекелік тілектерін Әзербайжан, БАӘ, Кувейт, Бахрейн, Алжир және Ауғанстан басшыларымен бірге Ислам ынтымақтастығы ұйымы, ИСЕСКО және ТҮРКСОЙ секілді халықаралық ұйымдардың жетекшілері де жолдаған, ал құттықтау хаттары әлі де келіп түсуде.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы қазақстандықтарды қасиетті Құрбан айт мерекесімен құттықтады.
Соңғы жаңалықтар