Алғабаста 12 адамның өмірін қиған өрт: аман қалған ер адам мен әйелі ауруханадан шықты

03.12.2025 15:35 Әсел Мұрат
Алғабаста 12 адамның өмірін қиған өрт: аман қалған ер адам мен әйелі ауруханадан шықты
0
11
Фото: ашық дереккөз

Түркістан облысының Жетісай ауданындағы Алғабас ауылында алапат өрттен зардап шеккен екі ересек пациент ауруханадан шыққан. Қазір оларға амбулаториялық ем тағайындалды, деп хабарлайды POLITICO.KZ Azattyq Rýhy-ына сілтеме жасап.

Бұл туралы редакция тілшісіне денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Гүлнар Сәрсенбаева мәлімдеді.

Оның айтуынша, тілсіз жаудан аман қалған 1986 жылғы ер адам мен 1990 жылғы әйел жағдайлары жақсарғанына байланысты амбулаториялық емге жіберілген.

«Түркістан облысында өрттен зардап шеккен екі адамның жағдайы қанағаттанарлық. 30 қараша күні олар ауруханадан шығарылып, амбулаториялық емге жіберілді. Өкінішке қарай, өрттен аман қалған 2018 жылғы бүлдіршін жарақатының ауыр болуынан 30 қараша күні қайтыс болды. Марқұмның туыстары мен жақындарына көңіл айтамыз», - деді Сәрсенбаева Мәжіліс кулуарында.

Ауруханадан шыққан 1986 жылғы ер адам үш күн бұрын қайтыс болған жеті жасар қыздың әкесі екен.

Естеріңізге салайық, 18 қараша күні сағат 05.36-да Түркістан облысы Жетісай ауданының Алғабас ауылында екі қабатты жер үй өртке оранып, 12 адам, соның ішінде тоғыз бала қаза тапты. Үш адам ауруханаға жеткізілген болатын. Алайда 30 қарашада 2018 жылғы қыз бала аурухана төсегінде қайтыс болды.

Түркістан облысының полициясы өрт қауіпсіздігін сақтамау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаған.
 

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий