«Алғашқы жағдай емес»: Сауле Базархан көз жұмған клиника туралы тың деректер шықты

21.05.2026 10:20 Әсел Мұрат
«Алғашқы жағдай емес»: Сауле Базархан көз жұмған клиника туралы тың деректер шықты
157
Фото: instagram.com/saule_bazarkhan

Әлеуметтік желілерде блогер әрі кәсіпкер Сауле Базарханның қазасы қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.

Ол Алматыдағы Smart Beauty Clinic клиникасында пластикалық ота кезінде қайтыс болған. Threads платформасында қайғылы оқиға туралы ақпарат тарағаннан кейін қолданушылар Қазақстандағы эстетикалық операциялардан кейін болған өзге де өлім жағдайлары туралы жаза бастады

Пікірлердің бірінде желі қолданушысы бұл аталған клиникаға қатысты алғашқы өлім жағдайы болмауы мүмкін екенін айтты. Ол бес жыл бұрын липосакция мен липофилингтен кейін көпбалалы ана Жамиля Жылқайдарованың көз жұмған оқиғасын еске салды. Оның айтуынша, сол жағдайдан кейін клиника жабылып, кейін басқа атаумен қайта жұмысын жалғастырған болуы ықтимал.

Пікір жазған әйелдердің бірі Сауле Ермаханованың варикоз ауруына шалдыққанын мәлімдеді. Алайда бұл дерттің операция кезінде асқынулардың пайда болуына әсер еткен-етпегені әзірге белгісіз.

Оқиға кеңінен талқылана бастағаннан кейін әлеуметтік желі қолданушылары осындай қайғылы жағдайлар туралы жаппай пікір қалдырды.

«Былтыр танысым қайтыс болды. Бизнесі, бутиктері, саяхаттары, күйеуі, балалары — бәрі бар еді. Иә, сәл толықтау болатын, бірақ өмірі жақсы еді. Астанаға арықтау үшін барған. Операциядан кейін инфекция жұқтырып, көз жұмды. Мұның бәрі кім үшін, не үшін болғанын әлі күнге дейін ешкім түсінген жоқ», - деді 

Басқа қолданушылар Шымкенттегі жағдайларды да еске алды.

«Шымкентте де жекеменшік клиникада абдоминопластикадан кейін бір жылдың ішінде екі әйел қайтыс болды — бірі жас қыз, екіншісі танымал ақын. Қылмыстық іс қозғалғаны туралы ештеңе естіген жоқпын, клиника әлі де жұмыс істеп тұр. Естігенім бойынша, әйелдер алтын түстес стафилококк инфекциясынан қайтыс болған», - деп жазды желі қолданушысы.

Бұған дейін блогер Сауле Базарханның қайтыс болғаны хабарланған еді. Бұл ақпаратты әнші Қайрат Нұртастың продюсері әрі анасы Гүлзира Айдарбекова растағанымен, оқиғаның нақты мән-жайын ашып айтпады. Кейін Threads желісінде марқұмның қызы анасының 15 мамыр күні Алматыдағы жекеменшік клиникада жергілікті жансыздандырумен жасалған жоспарлы липосакция операциясы кезінде көз жұмғанын мәлімдеді. Осыдан кейін журналист Михаил Козачков Сауле Базарханның Алматыдағы Smart Beauty Clinic клиникасында қайтыс болғанын хабарлады. Оның айтуынша, орын алған жағдайға қарамастан, клиника әлі күнге дейін пациенттерді қабылдап жатыр. 

Ал Алматы қалалық полиция департаменті аталған жағдайға қатысты пікір білдірді.

«15 мамыр күні Алматы қаласының 53 жастағы тұрғыны жекеменшік клиникалардың бірінде қайтыс болды. Аталған дерек бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Сотқа дейінгі тергеу аясында қажетті тергеу амалдарының кешені жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Войдите, чтобы оставить комментарий