Әлия Назарбаеваның бұрынғы компаниясы біржола жабылатын болды

06.10.2026 • 18:04 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Әлия Назарбаеваның бұрынғы компаниясы біржола жабылатын болды
455

Бұрын «Оператор РОП» атауымен жұмыс істеген «Greens development» АҚ мемлекеттік «Жасыл даму» компаниясына қосылады. Осыдан кейін ол жеке заңды тұлға ретінде жұмысын тоқтатады, деп хабарлайды Politico.kz Forbes Kazakhstan басылымына сілтеме жасап.

Компанияның жалғыз акционері қайта ұйымдастыру туралы шешімді 2026 жылғы 25 қыркүйекте қабылдаған. Бұл туралы құжат Қаржылық есептілік депозитарийінде жарияланған.

«„Greens development“ акционерлік қоғамы „Жасыл даму“ акционерлік қоғамына қосылу арқылы қайта ұйымдастырылсын», — делінген шешімде.

Қайта ұйымдастыру жұмыстарын жүргізу «Жасыл даму» басқармасы мен «Greens development» бас директорына тапсырылған.

«Оператор РОП» ЖШС-ның акционерлік қоғамға айналып, атауын өзгерткені биыл наурызда белгілі болған. Сол кезде оның жалғыз акционері «Жасыл даму» АҚ еді.

Компания бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кіші қызы Әлия Назарбаеваның бизнесімен байланыстырылған. Ол өндірушілер мен импорттаушылардың кеңейтілген міндеттемелерін орындаумен айналысып, соның ішінде елге әкелінетін автокөліктерден утильалым жинаған.

2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін компания мемлекет меншігіне өтті. Тоқаев сол жылғы 11 қаңтарда утильалымды мемлекеттік ұйым басқаруы керек екенін айтып, тапсырма берген. Ал 18 қаңтарда Үкімет оператор міндетін «Жасыл дамуға» беру туралы шешім қабылдады.

2016 жылғы қаңтардан 2024 жылғы наурызға дейін Қазақстанда утильалым ретінде шамамен 1,2 трлн теңге төленген. Оның 691 млрд теңгесі алымды 2022 жылғы қаңтарға дейін басқарған «Оператор РОП» үлесіне тиесілі.

Компания басшыларына қатысты іс

2023 жылғы шілдеде Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты компанияның бұрынғы басшылары мен экология вице-министріне үкім шығарған.

Сот олардың өздерімен байланысты компанияға ескі көліктерді кәдеге жарату қызметі үшін ақыны негізсіз қымбаттатып төлеп, 26,8 млрд теңге жымқырғанын анықтаған. Бұған қоса, алты қоқыс жағатын зауыттың құрылысына жоспарланған 180 млрд теңгені жымқыруға әрекет жасалған.

Іс бойынша сот анықтаған жалпы залал 28,2 млрд теңге болды. Компанияның екі басшысы мен бұрынғы вице-министр 7 жылдан бас бостандығынан айырылды. Қаржы директорының жазасы рақымшылық бойынша қысқартылып, бір жылға сотталды.

Сот «Жасыл даму» пайдасына берілген 28,2 млрд теңгелік талапты қанағаттандырып, сотталғандардың қылмыстық жолмен алған мүлкін тәркілеуге шешім шығарған.

Войдите, чтобы оставить комментарий