15 жастағы оқушы қыз мектеп алдында құрдастарына пышақпен шабуыл жасады

06.10.2026 • 16:08 Мөлдір ҚАЙНАР
15 жастағы оқушы қыз мектеп алдында құрдастарына пышақпен шабуыл жасады
210
Фото: Oxu.az

Түркияның Ыстанбұл қаласында 15 жастағы жасөспірім мектеп алдында оқушыларға пышақпен тарпа бас салып, бірнеше адамды жарақаттады, деп хабарлайды Politico.kz.

Оқиға Башакшехир ауданына қарасты Каяшехир ықшамауданындағы Шейх Шамиль атындағы имам-хатип орта мектеп-интернатында болған. 10-сыныпта оқитын қыз білім ордасының аумағына суық қарумен кіріп, өзінің артынан ғимаратқа кіріп келе жатқан оқушыларға пышақ ала жүгірген.

Түрлі дереккөздер зардап шеккендердің саны әртүрлі екенін хабарлауда. Ресми түрде Ыстанбұл әкімшілігі шабуыл салдарынан бес оқушы қыздың жараланып, ауруханаға жеткізілгенін мәлімдесе, кейбір басылымдар зардап шеккендер санының сегізге жеткенін жазуда.

Yeni Şafak басылымының мәліметінше, бұдан да ауыр зардаптардың алдын мектептің күзетші әйелі алып қалған. Ол дер кезінде араша түсіп, шабуылдаушының қолынан шап беріп ұстап, қарусыздандырып үлгерген. Полиция күдіктіні бірден ұстап, қамауға алды.

Мектеп басшылығы ата-аналарға шұғыл хабарлама жіберіп, балаларды алып кетуді сұраған, ал оқушылар қауіпсіздік үшін мектеп ауласына шығарылды. Жарақат алғандар жедел жәрдем көліктерімен жақын маңдағы емханаларға жеткізілді.

Қазір полиция мен прокуратура шабуылдың себеп-салдарын анықтау бойынша тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Ал Түркияның Радио және теледидар жөніндегі жоғарғы кеңесі (RTÜK) оқиғаның егжей-тегжейін ақпарат құралдарында жариялауға жедел түрде тыйым салды.

Войдите, чтобы оставить комментарий