Алматы облысында 29 жастағы егіздердің анасы өлі табылды
Алматы облысында 2 жасар егіздердің анасы жұмбақ жағдайда көз жұмды, ал марқұмның туыстары оның өзіне қол салғанына сенбей, өліміне күйеуін кінәлап отыр, деп хабарлайды Politico.kz Astana TV телеарнасына сілтеме жасап.
Оқиға болған күні 29 жастағы Гүлмира есімді жас келіншек әпкелерімен бейнебайланыс арқылы сөйлесіп, жанжал кезінде жолдасының қылқындырып, теуіп, қолын сындырғанын айтып үлгерген. Бауырлары байланыс кезінде оның гипстелген қолы мен денесіндегі көгерген іздерді байқағанын жеткізді. Осы әңгімеден кейін көп ұзамай телефон өшіп, туыстары марқұммен қайта тілдесе алмаған.
«Ол кешегі ең соңғы сөзінде ол мені қылқындырды деді. Көзінен мөп-мөп болып жас тамшылап тұрды. Сөйтіп мен айттым «Гүмош, сен қолың осыншама, денеңің дымы қалмаған шығар» деген ем, артқа қарап, көйлектің үстін көтеріп, сандарын көрсетті маған. Міне, әпше, сандарым да көгерген деп», – деді марқұмның әпкесі Айжарқын Мырзақұлова.
Марқұм соңғы қоңырауында телефонды қабырғаға лақтырып сындырғанын, ал күйеуі бұған жауап ретінде оған қол көтергенін баяндаған.
«Жылап, жолдасымен бірге, төбелестім, төбелесу барысында, жаңағы, телефонды мен қабырғаға лақтырып сындырып едім, содан ол менің қолымды ұрып сындырды деп айтты. Одан кейін барып, тағы да не болды, қай жерлеріңнен ұрды деп едім, "барлық жерімнен ұрып, кете бер, кете бер деп айтады деп" телефонды сол уақытта ол өшіріп тастады. Одан кейін барып, өшіріп тастағаннан кейін барып, ол жаңағы екінші сіңіліме айтып жаңағы "Менің бала-шағама, қараңдар, осымен бәрі бітті", - деп телефонды өшіріп тастайды», – деді марқұмның әпкесі Азиза Мырзақұлова.
Бұл хабардан кейін алаңдаған бауырлары дереу Гүлмираның үйіне жеткенімен, оның мәйітін аула маңындағы контейнер жанынан тапқан. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғап, тергеу жұмыстарын бастады.
«Аталған фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Тергеп-тексеру амалдарының нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады», – деді облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Ернар Сайдильдин.
Келіншектің артында 2 жасар егіз ұл мен қызы қалды. Марқұмның жақындары болған оқиғаның нақты себебін анықтап, әділ шешім шығаруды талап етіп отыр.
Соңғы жаңалықтар