«Көп пенденің беті ашылды»: экс-депутат қызметтен кеткен соң не өзгергенін айтты
Бұрынғы Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза 123 күн жұмыссыз жүргенін айтып, әлеуметтік желіде жазба жариялады. Ол қызметтен кеткеннен кейін бұрын үнемі байланыста болған әріптестері мен шенеуніктердің хабарласпай кеткенін жеткізді. Бұрынғы депутат бұл кезеңді өмірлік сабақ деп бағалады, деп хабарлайды Politico.kz.
Самат Нұртаза Facebook парақшасында жұмыссыз жүрген күндері смартфонының қуаты да ұзаққа жететінін әзілмен жазған.
«Жұмыссыз жатқаныма 123 күн болды. Бұрын батарейкасы тез отыратын смартфоным қазір ләм-мим тыныш, 2 күнге қуаты жетіп жатыр. Һәм адами кейіп сақтап қалған 7-8 адамнан басқа ешкім хабарласпайды. Өзім звандасам, трубканы көтеретін әріптестер мен шенеуніктер телефон көтермейтін болды», – деп жазды ол.
Бұрынғы депутаттың айтуынша, қызметте жүргенде «Сэм, братан!», «В любое время, Сәке!», «Всегда на связи, Самат Русланович!» деп сөйлескен кейбір шенеуніктер енді байланысқа шықпай қалған.
Ол мұндай жағдайды күтсе де, өзін өзгермейді деп санаған адамдардың басқаша болып кеткеніне таңғалғанын жасырмады.
«Бұл 145 депутаттың басынан өтетін жағдай»
Самат Нұртаза қазіргі Құрылтайдың 145 депутаты да болашақта осындай жағдайға тап болуы мүмкін екенін айтты. Оның пікірінше, депутаттық мерзімі аяқталған соң бұрынғы орнына қайта оралу оңай емес.
«Орныңнан кеттің, депутат болдың. Ал депутаттықтан кейін қайтайын десең, орныңда адам отыр. Тупик», – деп жазды экс-депутат.
Сонымен қатар ол жұмысқа қайта шығатынына сенімді екенін айтып, өзін елге пайдасы жоқ адам санамайтынын жеткізді.
«Лауазым – қоғамға керектігіңді сезіну»
Бұрынғы депутат 123 күн жұмыссыз жүру арқылы мемлекеттік қызметтегі лауазымның адам үшін қандай маңызы бар екенін түсінгенін атап өтті.
Оның пайымынша, қызмет тек ақша, билік немесе кабинетпен шектелмейді. Ең бастысы – қоғамға қажетті адам екеніңді сезіну.
«Лауазым – ол көпшілік ойлайтын нақты бір ақша, билік, кабинет емес екен. «Лауазым» – «социумға керектігің», нақты өз шегелеген орның екен. Адам сол өз орнын жоғалтып алмау үшін психологиялық майданда күресетін сияқты», – деп жазды Самат Нұртаза.
Ол мемлекеттік қызметте болмаған адамдар бұл құбылысты толық түсіне алмайтынын да атап өтті.
«Көп пенденің беті ашылды»
Экс-депутат қызметтен кеткеннен кейін кей адамдардың шынайы қарым-қатынасы өзгергенін айтса, енді бірқатар азаматтың адал қалпын сақтағанын жеткізді.
Самат Нұртаза осы уақыт ішінде үнемі хабарласып, қолдау көрсеткен Максим мен Олжас есімді азаматтарға алғысын білдірді.
Жазбасының соңында ол Қазақстан жағдайында адамның билікке пайдалы әрі қажетті болуы немесе жеке кәсіпке бет бұруы маңызды екенін атап өтті.
«Тоқ етері, Қазақстанның реализмінде билікке пайдалы, қажет, ерекше керек болуың керек немесе жеке кәсіпке кету керек. Бұл өмірде басқа вариант жоқ сияқты. Бұйырғанын көрерміз», – деп түйіндеді бұрынғы Мәжіліс депутаты.
Соңғы жаңалықтар