Наташа Қалымбетова АҚШ-та 30 жылдан астам уақыт іздеген қызымен кездесті

Наташа Қалымбетова АҚШ-та 30 жылдан астам уақыт іздеген қызымен кездесті
Фото: видеодан скриншот

Әлеуметтік желіде Нати есімімен танымал Наташа Қалымбетова ұзақ жылдар бойы іздеген қызымен АҚШ-та кездескенін мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Оның сөзіне қарағанда, ол Америка жерінде екінші күн жүр және қызы оны әуежайдан өзі күтіп алған. Сапардың басты мақсаты – туыстық қатынасты ресми түрде нақтылау болғандықтан, тараптар бірден генетикалық сынама тапсырып үлгерген.

«Иә, қызыммен кездестім. Ол мені әуежайдан күтіп алды. Өте қуаныштымын. Көпшілік қызымды көрсетуімді сұрап жатыр. Бірақ сот басталғанға дейін және ол аяқталғанша көрсетпеймін. Бұған дейін де осылай айтқанмын. Ол – америкалық. Қазір Америкада жүргендіктен, оның жүзін әлеуметтік желіде көрсетуге құқығым жоқ. Мені дұрыс түсініңіздер», – деді ол.

Калымбетова қызының бейнесін жарияламауын АҚШ-та өскен перзентінің жеке өмірін қорғау ниетімен байланыстырды. Сонымен бірге қос тарап генетикалық тест қорытындысын күтіп отырғанын жеткізді.

«Кеше біз ДНҚ тапсырдық. Нәтижесі дүйсенбі күні дайын болады. Иншаллаһ, бәрі анықталады», – деп мәлімдеді Наташа Қалымбетова.

Оның пайымдауынша, ол қызын көрген сәттен-ақ бірден таныған.

«Оны көрген бойда өз қызым екенін түсіндім. Мен оны Оралдағы ауруханада өзім босандым. Одан кейін үш жыл бойы балаға барып жүрдім. Оның әрбір клеткасын, көзқарасын, қасын, тырнағына дейін бәрін білемін», – деді ол.

Әйелдің айтуынша, кездесудің алғашқы күндері психологиялық тұрғыда оңай болмаған. Екі елде, екі түрлі мәдени ортада өскендіктен, олардың бір-біріне үйренісуіне біраз уақыт қажет болған.

«Алғашқы екі күнде сөйлесу қиынға соқты, себебі оның менталитеті мүлдем басқа. Бірақ кейін бәрін ашық сөйлестік. Ол маған көп нәрсені айтып берді, құжаттарын көрсетті, ал ол мен туралы барлық деректі біліп отыр екен. Біз бір-бірімізге туған екенімізді қазірдің өзінде білеміз», – деді Нати.

 

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу