Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қызметінен босатылды

04.09.2026 09:23 Қарақат АСЫЛОВА
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қызметінен босатылды
324
Фото: gov.kz
ЖАЛҒАСЫ

Мемлекет басшысының шешімімен Марат Сұлтанғазиев Алматы облысының әкімі лауазымынан кетті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

«Мемлекет басшысының Жарлығымен Марат Елеусізұлы Сұлтанғазиев Алматы облысының әкімі лауазымынан босатылды», – делінген Ақорда хабарламасында.

Бүгін, 4 қыркүйекте Қонаев қаласында облыстық мәслихат депутаттарының жиыны өтеді. Олар аймақтың жаңа басшысын тағайындауға қатысты өз келісімін беруі тиіс.

Марат Сұлтанғазиев кім?

Қызметінен кеткен Марат Елеусізұлы бұл өңірді 2022 жылдың 11 маусымынан бері басқарып келді. Ол 1976 жылы осы Алматы облысында дүниеге келген. Жоғары білімді Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде, Қазақ мемлекеттік заң академиясында және Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінде алған. Мамандығы бойынша экономист-қаржыгер, заңгер және іскерлік әкімшілендіру магистрі саналады.

Ол еңбек жолын 1997 жылы Алматы қаласы Әуезов ауданы бойынша Салық комитетінде салық инспекторы болып бастаған. 1999-2001 жылдары қалалық Салық комитетінің әкімшілендіру басқармасында және заңды тұлғалар аудиті бөлімінде жетекші, бас салық инспекторы болды.

2001-2006 жылдары Бостандық ауданында аудит бөлімінің бастығы қызметін атқарды. Ал 2006-2008 жылдары Алматы қаласы бойынша Салық комитетінде салықтық апелляциялар, сондай-ақ салықтық аудит басқармаларын басқарды. Одан кейін екі жыл қалалық Салық департаменті бастығының орынбасары болды.

Сұлтанғазиев 2010 жылы Қаржы министрлігінің Салық және кеден заңнамасы мәселелерін үйлестіру, кірістерді талдау және болжау департаментінің директоры болып тағайындалды. 2012-2014 жылдары Президент әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінде сектор меңгерушісі қызметін атқарды.

2014-2018 жылдары Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментін басқарды. 2018 жылдан бастап үш жыл бойы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы болды. 2021-2022 жылдары Қаржы вице-министрі, кейін бірінші вице-министрі қызметтерін атқарды.

Ол 2021 жылдың 16 тамызынан бері «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі саналады. 2019 жылы мемлекеттік «Құрмет» орденімен марапатталған.

Войдите, чтобы оставить комментарий