Алматы – Қорғас тасжолындағы жантүршігерлік апаттан қаза тапқандардың туысы шендіні кінәлады
Алматы мен Қорғас тасжолында бір отбасының үш мүшесі қаза тапқан жол апатына қатысты жаңа деректер шықты, деп хабарлайды Politico.kz.
Қайғылы оқиға 23 маусым күні Алматы–Шелек–Қорғас автожолының 132-шақырымында болған. Қарсы бағытқа шығып кеткен Haval автокөлігі Audi 100 көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан Audi ішіндегі жүргізуші мен екі жолаушысы алған дене жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды.
Марқұмдардың туысы әлеуметтік желіде тергеудің әділ өтетініне күдікпен қарайтынын жеткізді.
"1 отбасынан тұтас 3 өмір қиылды. Кеше, 23 маусымда Алматы-Қорғас тасжолындағы жол-көлік оқиғасы салдарынан менің әпкем, оның күйеуі, балалары және 10 айлық немересі өз көліктерімен келе жатқан, олар өздеріне көлік соғылатынын сезбеген де. Оның рөлінде мас күйдегі адам, погон таққан адам болған. Қас-қағым сәтте өміріміз екіге бөлініп, тұтас 1 отбасын алып кетті. 2 бала мен немере тірі қалып, жетім атанды. Қазіргі уақытта олар көптеген сынықтармен ауруханада жатыр", — деп жазды ол.
Сонымен қатар ол істің тергелу барысына қатысты пікір білдірді.
"Менің сұрайтыным жалғыз нәрсе, өкінішке қарай, адамдар үйреніп қалғандай, тергеу ісін жылы жауып қоймаса екен деймін. Бұлай болмауы керек! Кінәлілер жазалануы тиіс. Менің тәтем, әпкем және ағаларым бұған сене алар емес және естерін жия алмай отыр. Көлікте отырған әрбір адам болған оқиға үшін жауап берсін. Ал олардың ішінен 1 адам жай ғана қашып кеткен. Кінәлі жүргізуші ауруханаға бірнеше сағаттан кейін өзі келіп, ауыр халде екенін өтірік көрсеткен. Бұл аурухананың бейнекамераларына жазылып қалған. Полицейлер оны қорғап отыр. Біздің жағдайымызды көпшілікке жеткізе алатын және бізге көмектесетін адамдарды белгілеңіздер. Бұл қалыпты жағдай емес. Бұлай болмауы керек", — дейді туысы.
Сөз соңында ол қаза тапқандар мен аман қалған балалар туралы мәліметті көрсетті.
"Әпкем мен оның күйеуі 40 жаста, қызы 20 жаста еді. Оның артында 10 айлық баласы қалды. Бала анасыз өседі. Ал менің жиендерім 2 ата-анасыз қалды. Бұл сұмдықтың бәрі кеше басымыздан өтті. Мен бұған әлі күнге дейін сене алар емеспін", — деп жазды ол.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша полиция қылмыстық іс қозғап, күдікті жүргізушіні қамауға алды. Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр, ал тергеу барысы облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауына алынған.
Соңғы жаңалықтар