Almaty SuperSki тау курортын кімдер салады және ол қашан ашылмақ

03.06.2026 12:52 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Almaty SuperSki тау курортын кімдер салады және ол қашан ашылмақ
68
Фото: primeminister.kz

Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен жиында Алматы тау кластерін дамыту мәселелері талқыланып, жаңа Almaty SuperSki курортын салатын шетелдік мердігерлер анықталды, деп хабарлайды Politico.kz.

«Kazakh Tourism Development Ltd.» компаниясы директорлар кеңесінің отырысында мекеменің бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаев ауқымды жобаның қазіргі жағдайы туралы баяндап, нысанның дайындық кезеңінен нақты жүзеге асыру сатысына өткенін жеткізді.

Кеңес барысында негізгі нысандарды жобалау мен салу мәселелері бойынша нақты шешімдер қабылданып, аспалы жолдар мен ғимараттарды тұрғызуға жауапты халықаралық компаниялардың есімдері белгілі болды.

Атап айтқанда 11 аспалы жолдың құрылысын жүргізу үшін PGI, Hill International және DCSA кеңесшілерінің тәуелсіз бақылауымен ашық конкурс өткізіліп, нәтижесінде бұл жұмысқа франциялық POMA компаниясы таңдалды. Кәсіпорын 1936 жылдан бері әлемнің 90 елінде 8 мыңға жуық жобаны жүзеге асырған және жаңа курортта түрлі типтегі, соның ішінде 3S жүйесіндегі гондолалы аспалы жолдарды, 10 орындық гондолалы желілер мен креслолы көтергіштерді орнатпақ.

Жобаның сәулеттік тұжырымдамасын белгілі Foster + Partners халықаралық бюросы әзірлеген болса, ондағы заманауи ағаш конструкцияларды жобалау мен өндіру ісі канадалық StructureCraft компаниясына табысталды. Бұл ретте құрылыс барысын бастан-аяқ қадағалап, құрылысты үйлестіру мен жұмыс кестесінің қатаң сақталуын америкалық Hill International компаниясы өз мойнына алып отыр.

Жиын қорытындысы бойынша премьер-министр құрылыс жұмыстарының сапасы мен мерзіміне қатаң бақылау орнатуды және халықаралық қауіпсіздік пен экологиялық талаптардың бұлжытпай орындалуын қамтамасыз етуді жүктеді. Үкімет басшысының мәліметіне қарағанда жаңа нысан туристік саланың дамуына үлкен серпін береді және мұндағы басты назар қала тұрғындары мен қонақтары үшін барынша қолжетімді әрі қауіпсіз инфрақұрылым құруға аударылып отыр.

Қазіргі уақытта бекітілген жоспарға сай алаңда құрылыс жұмыстары басталып кеткен, ал Almaty SuperSki тау шаңғысы курорты толықтай 2028 жылдың желтоқсанында іске қосылады деп жоспарланған.

Войдите, чтобы оставить комментарий