Алматыда 203 миллиард теңгенің заңсыздығы анықталды
Алматы қаласында бюджет қаражаты мен активтерін тексеру барысында жалпы сомасы 203 миллиард теңгеге жуық қаржылық бұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды Politico.kz
Бұл туралы Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасы арнайы отырыста мәлімдеді. Қазіргі таңда Алматы республиканың ең ірі экономикалық орталығы саналады. Мұнда халықтың 11 пайыздан астамы тұрады және шаһар жалпы ішкі өнімнің шамамен 22 пайызын құрайды. Алайда қала экономикасы әлі күнге дейін негізінен сауда мен көрсетілетін қызметтерге бағдарланған. Ал өндірістік және инновациялық секторлардың даму серпіні өте төмен. Бұл фактор Алматының өсу қарқынын айтарлықтай тежеп отыр.
Жоғары аудиторлық палата 1 қаңтар мен 17 қыркүйек аралығын қамтып жүргізген мемлекеттік аудит барысында жоспарлау және басқару саласында бірқатар кемшіліктерді тіркеді. Мәселен Алматының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарына үнемі түзетулер енгізілгенімен ол басқарудың тиімді құралына айнала алмады. Тексеру кезінде жоспарланған іс-шараларды толық қаржыландырмау тәжірибесі әшкереленді. Бұл өз кезегінде жекелеген нысаналы индикаторларға қол жеткізуге мүмкіндік бермейді.
Бюджеттік инвестициялық жобалар санының 2022 жылғы 365-тен 2025 жылы 529-ға дейін өскеніне қарамастан оларды іске асыру сапасы сын көтермейді. Мысалы 2021 жылы жасалған «Жас Қанат» шағын ауданында 41 көппәтерлі үй салу жобасы бойынша аудит кезінде 7 үйдің құрылысы аяқталмағаны белгілі болды. Ал тағы 12 нысан іргелес аумақтың абаттандырылмауына байланысты коммуналдық меншікке берілмеген.
Тексеру барысында Қалалық мобилділік басқармасының жұмысына қатысты да көптеген сұрақ туындады. Аталған басқарма 2022-2025 жылдары тасымалдаушыларға 2,3 миллиард теңге көлемінде негізсіз субсидиялар төлеуге жол берген. Сондай-ақ аудиторлық қорытындыға сәйкес Жер қатынастары басқармасы жер учаскелерін бөлу кезінде ашықтықты қамтамасыз етпеген. Құрылыс тығыздығының сақталмауы нәтижесінде инженерлік және көлік инфрақұрылымына жүктеме ұлғая түсті. Бұл қала тұрғындары үшін әлеуметтік игіліктерге қадамдық қолжетімділіктің болмауына әкеп соқты.
«Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қызметі де назардан тыс қалмады. Аудиторлардың пікірінше корпорация тиімсіз жұмыс істейді. Мәселен тұрғын үй құрылысына бөлінген шамамен 30 миллиард теңге бюджеттік инвестиция үш жылға жуық игерілмеген күйінде жатыр. Сонымен қатар мекеме азық-түлік бағасын тұрақтандыру міндетін толық көлемде орындай алмады. Бюджеттік кредиттер тиімсіз пайдаланылып қаржы құралдарына орналастырылған.
Жалпы аудит қорытындысы бойынша 203 миллиард теңгеден астам сомаға қаржылық бұзушылықтар анықталды. Тексеру жүргізу кезінде оның 26 миллиард теңгеден астамы өтелді. Сондай-ақ есепке алу бойынша және жұмыстарды орындау жолымен 83 миллиард теңгеден астам қаржы қалпына келтірілді. Әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар 417 дерек бойынша материалдар әкімшілік іс қозғау үшін уәкілетті органдарға жолданды.
Соңғы жаңалықтар