Алматыда 7 жасар қызды қағып өлтірген жүк көлігінің жүргізушісіне сот үкімі шықты

06.11.2025 17:11 Арман Ермеков
Алматыда 7 жасар қызды қағып өлтірген жүк көлігінің жүргізушісіне сот үкімі шықты
0
2097
Фото: видеодан кадр

Алматыда осы жылдың көктемінде жаяу жүргіншілер өткелінде жеті жасар қыз баланы қағып өлтірген Renault жүк көлігінің жүргізушісіне қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды POLITICO.KZ «ҚазАқпарат» ХАА сілтеме жасап.

Алатау аудандық соты жүргізушіні ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы, 3-бөлігі «Абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол жүрісі қауіпсіздігі ережелерін бұзу» бойынша кінәлі деп тапты. Сот шешімімен ол 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Бұған қоса, сот жүргізушіні 5 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырды.

Кейін апелляциялық саты бұл үкімді күшінде қалдырды. Тек материалдық шығынды өндіріп алуға қатысты бөлігіне ғана өзгеріс енгізілген.

Елді дүр сілкіндірген бұл қайғылы оқиға 2025 жылдың 2 сәуірінде, түскі сағат 12:17 шамасында Алматы қаласының Алатау ауданында болған еді. Renault жүк көлігі Бұрындай көшесімен батыс бағытта келе жатып, Жаңа көшесінің қиылысында жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан баланы байқамай қағып кеткен.

Бұл оқиғаның жантүршігерлік жайттары кейінірек, сыртқы бейнебақылау камерасының жазбалары жарияланған соң белгілі болды.

Кадрлардан бүлдіршіннің жолдан өтпек болғанын, алайда сол сәтте оның көру аймағын бір автобустың тарс жауып қалғанын аңғаруға болады. Ережеге қайшы, автобус жүргізушісі жаяу жүргіншіге жол бермей, өтіп кеткен. Осы автобустың өтуін күткен сәби, өкінішке орай, Renault жүк көлігінің "соқыр аймағында" қалып қойған да, жүргізуші оны байқамай қалған.

Ең сорақысы, бұл оқиғаның барлығы жолдың екінші бетінде тұрған анасының көз алдында болған. Болған жайды көрген анасы жанұшыра айқайлап, жолға жүгіріп шыққан.

Ал қызға жол бермей, сол арқылы жүк көлігімен болған қайғылы оқиғаға себепші болған автобус жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий