Қазақстанда әскерге шақырудың жаңа үлгісі енгізіледі

Қазақстанда әскерге шақырудың жаңа үлгісі енгізіледі
Фото: ашық дереккөз

Елімізде мерзімді әскери қызмет екі кезеңнен тұратын жаңа жүйеге көшіріледі. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында белгілі болды, деп хабарлайды Politico.kz.

Жиында әскери реформа жоспарының жобасы талқыланып, ресми түрде мақұлданды. Аталған бағдарламаның орындалуын қадағалау және үйлестіру міндеті Үкімет пен Қауіпсіздік Кеңесіне тапсырылды. Реформаның басты бағыттарының бірі мерзімді қызмет өткеру тәртібін түбегейлі өзгертуді көздейді.

«Бұл реформаның маңызды аспектісі – мерзімді әскери қызметтің екі кезеңнен тұратын үлгісіне көшу. Әскерге шақырылғандар алғашқы алты айда оқу орталықтарында даярлықтан өтеді. Кейінгі алты айда тікелей әскери бөлімдерде қызмет етеді. Бұл кезеңде жауынгерлік даярлыққа және бөлімшелер құрамында міндеттерді орындауға басымдық беріледі», – деп мәлімдеді Ақорданың баспасөз қызметі.

Сонымен қатар реформа аясында консультанттар мен Әскери қызметшілер істері жөніндегі уәкіл институттарын құру көзделген. Мұндай қадамдар армияда жарғыға сай келмейтін іс-әрекеттерге тосқауыл қойып, әскери тәртіпті күшейтуге бағытталмақ.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу