Алматыда белгісіз адам депутаттың ұлына тиісті (ВИДЕО)

10.06.2026 17:57 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Алматыда белгісіз адам депутаттың ұлына тиісті (ВИДЕО)
271
Фото: Бейнеден алынған скрин

Алматының қақ ортасында мас ер адам блогер, мәжіліс депутаты Сергей Пономаревтің ұлы Глеб Пономаревке тиісіп, соңынан қуалаған, деп хабарлайды Politico.kz. Бұл туралы жәбірленушінің өзі әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.

Оқиға кешкі уақытта Назарбаев пен Қарасай батыр көшелерінің қиылысында болған. Блогердің сөзіне қарағанда, бейтаныс ер адам оған жақындап келіп, маңдайымен тірелген. Одан кейін 50 метрдей жерге дейін соңынан қалмай, «кімге қызмет етесің», «мен Қазақстан азаматымын» деген түсініксіз сөздерді айтып, тиіскен.

Басында мән бермей, өз жөнімен кетпек болған Глеб Пономарев әлгі адамның өтіп бара жатқан қыздар мен жасөспірімдерге де тиісе бастағанын байқап оқиғаның қауіпті екенін түсініп, бірден полиция шақыртуды жөн көрген. Тәртіп сақшылары оқиға орнына жедел жетіпті.

– Көше бұзақысының екпіні бірден басылып қалды, ол атымды 30 реттей қайталап атап, арыз жазбауымды жалына сұрады, ақыры соңына дейін баратынымды түсінгенде тактикасын өзгертті, жерге жата қалып, қайта тұрып, оны видеоға түсіріп жатқаныма наразылық білдіріп айқайлады, – деді Глеб Пономарев.

Жәбірленуші егер өзі арыз жазбаған жағдайда, бұл адамның түнгі қалада өзге де тұрғындарға дәл осылай қауіп төндіруі мүмкін екенін алға тартты. Күдікті сол түнді темір тордың ар жағында өткізген, енді оны сот отырысы күтіп тұр. Дегенмен оқиғаның ең таңғаларлық тұсы таңертең белгілі болды. Желі қолданушылары видеодағы адамды танып қойыпты. Бейресми ақпарат бойынша, ол Алматыдағы ірі жоғары оқу орындарының бірінде сабақ беретін оқытушы болып шықты. Осы орайда блогер мұндай адамдардың студенттерге қалай білім беретініне қатысты үлкен сұрақ туындайтынын жеткізді.

Полиция департаменті таралған ақпаратты растап, оқиғаның 8 маусым күні түнгі барлар маңында болғанын нақтылады. Ведомствоның мәліметінше, мас күйдегі ер адам қоғамдық орында былапыт сөздер айтып, өтіп бара жатқан адамдарға тиіскен. Қазіргі уақытта құқық бұзушыға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, жиналған материалдар сотқа жолданды. 

Алдын ала ақпарат бойынша, ол ұсақ бұзақылық жасағаны үшін айыппұл арқалауы мүмкін.

Войдите, чтобы оставить комментарий