Алматыда белсенділер Досаевтың отставкасын талап етіп, митинг өткізбек

Алматыда белсенділер Досаевтың отставкасын талап етіп, митинг өткізбек
14.05.2025 15:04
0
96
Фото: gov.kz

Қоғам белсендісі Санжар Боқаев пен адвокат Мұрат Адам Алматы әкімі Ерболат Досаевтың отставкасын талап ететін митинг ұйымдастырмақ, деп хабарлайды POLITICO.KZ Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.

Олар Алматы қаласының әкімдігіне "Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың отставкасын талап етеміз" тақырыбындағы митинг өткізу туралы ресми хабарлама жолдаған.

Белсенділердің айтуынша, Досаев басшылық еткен кезеңде қала дамудан гөрі құлдырауға бет алған. Қалада тығыз құрылыс көбейіп, ағаштар жаппай кесілуде, бос тұрған автобус парктері "автобус зираттарына" айналған, сыбайлас жемқорлық деңгейі өскен, ал метро станциялар құрылысы тоқтап қалудың алдында тұр.

Біз, алматылықтар, қаламыздың жойылып, тоналып жатқанына үнсіз қарап отыра алмаймыз. Сонымен қатар, "Алматы әкімінің отставкасы" тақырыбындағы митингіні келісу процесін сол әкімнің өзі қарайтыны – мүдделер қақтығысы екенін атап өткіміз келеді, – деді митинг бастамашылары.

Еске салайық, Ерболат Досаев 2022 жылдың қаңтарынан бері Алматы қаласының әкімі қызметін атқарып келеді. Осы уақыт ішінде ол бірнеше рет қоғамдық сынның нысанына айналды.

Кеше ғана мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оңтүстік астанаға жұмыс сапарымен барып, артынша президент әкімшілігі Досаевтың қызметіне талдау жасап жатқаны белгілі болды.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий