Алматыда экс-полицей балаларының көзінше әйелін не себепті өлтіргені белгілі болды

Алматыда экс-полицей балаларының көзінше әйелін не себепті өлтіргені белгілі болды
06.05.2025 09:10
0
176
Фото: freepik.com

Алматыда әйелін пышақтап өлтірген экс-полицей туралы жаңа дерек шықты,  деп хабарлайды POLITICO.KZ КТК-ға сілтеме жасап.

Көрші-қолаңды шырылдап көмекке шақырған да сол кішкентай ұл-қыздары екен. Қан-жоса болған келіншек жедел жәрдем жеткенше жан тапсырған. Кейін күдікті өзінің тамағын пышақпен орып жіберіпті. Қазір оның беті бері қарап, жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылды.

Қанды оқиға сенбі күні тапа-тал түсте болған. 39 жастағы ер адам өз пәтерінде әйеліне бірнеше рет пышақ сұққан. Алған жарақаттарынан келіншек тіл тартпай кетіпті. Ал қанды оқиға болған пәтердің есігі қазір мөрленген. Сорақысы сол, мұның бәрі кішкентай ұл-қыздардың көз алдында болған. Ерлі-зайыптының үш баласы бар. Көршілерін көмекке солар шақырған. Мұндағы тұрғындар қанды қылмыстан қатты шошығандықтан, камераға ашық сөйлеуден сескеніп отыр.

«Шулап жатты, үй жақта жүрген кезімізде балалары көмек сұрады. Үйден шығып бардым. Жаңағы жағдай болып жатыр. Пышақтаған. 103 пен 102 шақырылды. Келді. 4-5 минуттың ішінде келді», - дейді көршісі.

Үш баласын анасынан айырған қатыгез әке кейін өзіне қол салмақ болып, тамағын пышақпен орып, ішіне пышақ сұққан. Қазір ол күзеттің бақылауымен ауруханада жатыр. Жағдайы орташа ауыр дейді дәрігерлер. Ал кикілжіңге отбасындағы жанжал себеп болған. Көрші-қолаң олардың жиі ұрысатынын, ал күдіктінің ішімдікке әуес болғанын айтып отыр.

 Ресми мәліметке сүйенсек, 39 жастағы күдікті сол күні сап-сау болған әрі ол шынымен де бұрынғы полиция қызметкері болып шықты.

«Адам өлтіру дерегі бойынша Наурызбай ауданы ПБ қылмыстық іс тіркеліп, тергелуде. Бұрын бұл азамат Алматы облысы ПД қарасты бөлімшелердің бірінде қызмет істеген», - дейді Алматы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

 Күйеуінің қолынан қаза тапқан 34 жастағы әйел Ұзынағаш ауылындағы балабақшада директор қызметін атқарған.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий