Алматыда ер адам 5 жасар баланы тепкінің астына алды

01.12.2025 12:38 Арман Ермеков
Алматыда ер адам 5 жасар баланы тепкінің астына алды
0
168
Фото: бейнеден кадр

Алматыда көпқабатты үйдің ауласында ер адам кішкентай баланы тепкінің астына алды, деп хабарлайды Politico.kz.

Әлеуметтік желіде Алматыдағы тұрғын үй кешендерінің бірінде ер адамның ойнап жүрген баланы аяусыз теуіп жіберген бейнежазбасы тарап, қоғамның ашу-ызасын тудырды. Оқиғаға байланысты құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғап, жағдай бақылауға алынды.

Оқиға Алатау ауданындағы «Каспий» тұрғын үй кешенінің аумағында орын алған. Куәгерлердің сөзінше подъезден шыққан ер адам балалар алаңына бет алып, жүгіріп келіп шамамен бес жасар баланы қатты тепкен. Соққыдан кейін ол ешнәрсе болмағандай үйіне қайтып кіріп кеткен.

Желідегі деректерге сүйенсек жанжал алдымен балалар арасындағы келіспеушіліктен туындаған көрінеді. Алайда ересек адам араға түсіп, күш қолдануды жөн көрген. Соққы жасаған ер адамның жұбайы да балаға дөрекілік танытып, баланы құлағынан жұлқылап ұрысқан және оның әжесімен сөзге келіп қалған.

Ата-анасының сөзінше, зардап шеккен бала дереу ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оған «ми шайқалуы» диагнозын қойды. Алайда, әлімжеттік көрсеткен ерлі-зайыптылар өз кінәларын мүлде мойындамай отырған көрінеді.

Бұл оқиғаға қатысты Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева да пікір білдірді. Оның хабарлауынша, құқық қорғау органдары оқиға орнында жұмыс істеп жатыр.

«Бүлдіршінді соққыға жығу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда іс Алматы қаласының өңірлік уәкілінің қатаң бақылауына алынды. Балаға барлық қажетті көмек көрсетілетін болады», — деп жазды Закиева.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий