Алматыда ер адамға әріптестері жабылып, өлімші етіп сабап кеткен

14.02.2026 12:13 Арман Ермеков
Алматыда ер адамға әріптестері жабылып, өлімші етіп сабап кеткен
335
Фото: Тимур Ахметов

Алматыда автокөлік жөндейтін орталықта жұмыс істейтін ер адамды әріптестері соққыға жығып, салдарынан ол ауыр халде ауруханада жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.

Оқиға 2026 жылдың 10 ақпанында болған. Жәбірленуші, 40 жастағы Руслан Аметовтің ұлы Тимурдың айтуынша, жанжалға әкесінің егде жастағы әріптесіне болысуы себеп болған. Бір күн бұрын Руслан Аметов үлкен кісіге дөрекі сөйлеп, қысым көрсеткен жас жігітке ескерту жасаған. Келесі күні оны әріптестері сыртқа өтірік сөйлесуге деп шақырып, артынша басқа адамдармен бірігіп шабуыл жасаған.

Бейнебақылау камераларына түсіп қалған жазбалардан төрт адамның далада сөйлесіп тұрғаны, кейін олардың бірінің Русланды ұрып құлатқаны байқалады. Тимур Аметовтің сөзінше, күдіктілер ес-түссіз жатқан әкесін цехтың ішіне сүйреп кіргізіп, камераға көрінбес үшін көліктердің тасасына жатқызып, жарты сағат бойы басынан тепкілеген.

Соққының салдарынан Руслан Аметовтің бас сүйегі бірнеше жерден сынып, миына қан кеткен. Қазір ол нейрохирургия бөлімінің жансақтау палатасында жатыр, дәрігерлер оның жағдайын өте ауыр деп бағалады. Сонымен қатар, жәбірленушінің ұлы шабуыл жасаған Алексей Бажанов пен Айдар Сайтиковтың туыстары тарапынан өздеріне қоқан-лоққы жасалып жатқанын жеткізді.

«Үш тәулік бойы ұйқы көрмедім, өйткені көз алдымда әкемді тұтқиылдан ұрып есінен тандырып, адам құрлы көрмей, қоқыс сияқты сүйреген сәті тұрып алды. Жарты сағат бұрын қолыма тағы бір бейнежазба түсті, онда әкемнің ес-түссіз жатқан кезінде басынан тепкілеп жатқаны көрінеді. Бұлар адам емес, нағыз қанішерлер! Әкемді жарты сағат бойы азаптап, өлімші етіп сабаған», – деп жазды отбасындағы ересек әрі жалғыз тұңғыш ұлы Тимур Аметов.

Алматы қаласы Полиция департаменті бұл дерек бойынша Түрксіб аудандық полиция басқармасында денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру фактісімен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған, қазір тергеу амалдары жалғасуда.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий