Алматыда істі 3 млн теңгеге жаппақ болған тергеуші 4 жылға сотталды

11.06.2026 13:21 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Алматыда істі 3 млн теңгеге жаппақ болған тергеуші 4 жылға сотталды
207
Фото: depositphotos.com

Алматы қалалық Полиция департаментінің тергеушісі қылмыстық істі тоқтатып, айғақзаттарды қайтару үшін 3 млн теңге талап еткен. Сот үкімімен ол 4 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды журналист Михаил Козачков өзінің Kozachkov offside Telegram-арнасында.

Жақында Алматы соттарының бірінде 26 жастағы Нұрсұлтан Талғатқа қатысты үкім оқылды. Ол ішкі істер органдарында 2023 жылдан бері жұмыс істеп келген. Ал 2025 жылдың ақпанында Полиция департаментінің Тергеу басқармасына іссапарға жіберіледі. Дәл сол кезде басқармада адам саудасына қатысты іс қаралып жатқан болатын. Осы қылмысты ашу үшін арнайы топ құрылып, оның құрамына аталған тергеуші де кіреді. Басшылық оған күдікті әйелден жауап алуды және оның ұялы телефондарын тәркілеп, тексеруді тапсырған.

Тергеу басталғаннан кейін бірнеше ай өткен соң күдікті әйелге Уәли есімді танысы хабарласады. Ол тергеуші Талғатты да өте жақсы білетін болып шықты. Ортақ таныс полиция қызметкерлерінің істі жабуға және барлық телефондарды қайтаруға дайын екенін жеткізеді. Бірақ бұл қызмет тегін емес, құны – 3 млн теңге. Әйелде мұндай көлемдегі қаражат болмаған. Күдіктінің сөзіне қарағанда, Талғат пен Уәли оған кезектесіп қоңырау шалып, мәселені шешудің түрлі жолдарын талқылай бастайды. Ақырында олар келісімге келіп, тергеуші 1,5 млн теңгеге көмектесуге уәде береді.

Осыдан кейін әйел өз атына несие рәсімдеп, полиция қызметкері берген нөмірлерге ақша аударады. Қызығы сол, Талғат параны тікелей алмаған, ол өзінің қарызы бар адамдардың реквизиттерін беріп, құтылмақ болған. Бұл қылмыстық схеманы ҰҚК қызметкерлері әшкереледі. Олар Нұрсұлтанның бұған дейінгі әрекеттерінен хабардар болғандықтан, оны мұқият бақылауда ұстап келген екен.

Тергеуші ұсталған бойда кінәсін бірден мойындады. Бірақ ол пара алғанын емес, алаяқтық жасағанын айтып жазадан жалтармақ болған. Оның сөзінше, ол жәбірленушіні алдап ақша алған, ал шын мәнінде істі тоқтатуға оның ешқандай құзыреті жоқ. Бұл әрекеттің сыры қарапайым: Қылмыстық кодекстің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша жаза мерзімі мен айыппұл көлемі 366-бапқа (Пара алу) қарағанда әлдеқайда жеңіл.

Сот барысында судья Жасұлан Құсайынов Нұрсұлтан Талғатты нақты пара алғаны үшін кінәлі деп тауып, оған орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеу шартымен 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Парақорлыққа делдал болған Уәлидің неліктен жауапқа тартылмағаны әзірге белгісіз.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Войдите, чтобы оставить комментарий