Алматыда қатерлі ісікпен күрес жаңа деңгейге шықты: ТМД-да теңдесі жоқ жүйе іске қосылды

Алматыда қатерлі ісікпен күрес жаңа деңгейге шықты: ТМД-да теңдесі жоқ жүйе іске қосылды
0
14

Алматы қаласы қатерлі ісікпен күрес саласында еліміздің ғана емес, бүкіл аймақтың басты тірегіне айналып келеді. Заманауи технология мен білікті мамандардың арқасында онкологиялық орталық биылдың өзінде мыңдаған науқасқа шипа дарытты, деп хабарлайды Politico.kz.

Статистикаға сүйенсек, халықтың бұл мекемеге деген сенімі жыл санап артып келеді. 2025 жылдың алғашқы 10 айында орталықта 22 185 науқас ем қабылдаған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11,7 пайызға көп.

Дәрігерлер қол қусырып отырған жоқ. Жыл басынан бері 2,5 мыңға жуық күрделі ота жасалып, 17 мыңнан астам сәулелік терапия сеансы өткізілген. Ал диагностикалық тексерулердің саны 700 мыңға жуықтаған. Бұл – жай ғана сандар емес, дер кезінде анықталған диагноз бен құтқарылған өмірлер.

Алматы онкоорталығының мүмкіндігін өзге облыстардың тұрғындары да жоғары бағалайды. Биыл мегаполиске ем іздеп келген 846 науқастың әрбір алтыншысы дәл осы орталықты таңдаған. Себебі мұнда дертіне дауа іздегендер үшін есік ашық әрі көмек сапасы жоғары.

Орталықта ескі әдістер біртіндеп тарих қойнауына кетіп барады. Қазір мамандар мутацияның ошағын дәл табатын иммундық-химиялық әдістерді және сау жасушаға тиіспей, тек ісікті жоятын таргеттік терапияны кеңінен қолданады. Сондай-ақ, денеге үлкен тілік салмай жасалатын аз инвазивті ота түрлері де жолға қойылған.

Орталықтың ең басты жаңалығы – жасанды интеллектінің көмегіне жүгінуі. Мұнда ТМД елдерінде теңдесі жоқ KIRO Oncology жүйесі іске қосылған. Бұл – химиялық препараттарды адамның қатысуынсыз, асқан дәлдікпен дайындайтын робот.

Темір фармацевт дәрінің штрих-кодын, салмағын және сыртқы түрін тексеріп, дозаны миллиграмм дәлдігімен өлшейді. Содан кейін жасанды интеллект дайын ерітіндіні базадағы үлгімен салыстырады. Егер титтей де ауытқу болса, жүйе жұмысты автоматты түрде тоқтатады. Осылайша, адами фактордан келетін қателік толығымен жойылады.

Бүгінге дейін ақылды робот 35 мыңнан астам дәрі дозасын дайындап үлгерген. Бұл технология науқастың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, медицина қызметкерлерін де улы заттардың зиянды әсерінен қорғайды.

Осылайша, цифрлық шешімдер мен озық технологияны ұштастырған Алматы онкоорталығы қатерлі дертке қарсы күресте жаңа стандарт қалыптастыруда.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий