Алматыда үш адамның өмірін қиған жол апатына қатысты полицейдің ісі аяқталды

26.05.2026 14:25 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Алматыда үш адамның өмірін қиған жол апатына қатысты полицейдің ісі аяқталды
78
Иллюстрация/Фото: © Абзал Бахытжанов / Politico.kz

Алматыда Әл-Фараби даңғылында болған қайғылы жол апатына байланысты қызметтік әрекетсіздік танытты деп айыпталған полицейге қатысты тергеу аяқталды, деп хабарлайды Politico.kz.

Үш адамның өліміне әкеп соққан негізгі іс қазірдің өзінде сотқа түскен, алайда бұдан бөлек тағы екі қылмыстық іс қатар қаралып жатыр. Соның бірі қалалық полиция департаменті басшыларының бірінің жүргізушісіне қатысты қозғалған. Тәртіп сақшысы ауыр салдарға әкеп соқтырған қызметтегі әрекетсіздігі үшін айыпталып отыр.

«20 мамырда Алматы полициясы басшыларының бірінің жүргізушісіне қатысты сотықа дейінгі тергеп-тексеру аяқталды, қазіргі уақытта қылмыстық іс материалдарымен танысу жүріп жатыр», – деп мәлімдеді Ішкі істер министрлігі.

Бұл бап бойынша кінәлі деп танылған адам мүлкі тәркіленіп, белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырыла отырып 7 жылға дейін бас бостандығынан шектелуі немесе қамауға алынуы мүмкін. Әзірге бұл істің сотқа қашан берілетіні нақтыланбаған.

Бұдан бөлек министрліктің өзіндік қауіпсіздік департаменті тыйым салынған сериядағы мемлекеттік көлік нөмірлерін заңсыз беру фактісі бойынша да тергеу жүргізіп жатыр. Қазақстанда 2018 жылдан бері тілдік сараптама негізінде SEX, USA, KNB, MVD, OPG, SOS сияқты 106 әріптер жиынтығына тыйым салынған екен. Осындай нөмірлерді беріп билігін асыра пайдаланғандарға 3000 АЕК немесе 2026 жылғы есеп бойынша шамамен 12,9 млн теңге көлемінде айыппұл салынуы, сондай-ақ 800 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға жегіліп, 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Алайда министрлік бұл іс бойынша нақты кімнің күдікке ілінгенін жарияламады.

Еске сала кетейік, 21 наурызға қараған түні Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында қарсы бетке шығып кеткен Zeekr көлігі Mercedes автокөлігіне соғылған болатын. Қатты соққының салдарынан 29 жастағы жүргізуші мен оның 20 және 22 жастағы екі жолаушы қызы оқиға орнында көз жұмды. Жеңіл дәрежедегі мас күйде көлік басқарып, апаттан аман қалған Zeekr жүргізушісі ауруханадан тікелей тергеу изоляторына ауыстырылды. Кінәлі азаматқа қатысты тергеу 12 мамырда аяқталып, енді 28 мамырда қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта алдын ала тыңдау өтеді.

Әлеуметтік желіде жол апатына полицейлер қатысқан көше жарысы себеп болуы мүмкін деген қауесет тарағаннан кейін арнайы тексеріс басталған еді. Осы жағдайдан соң ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің бұйрығымен Алматы полиция департаменті бастығының орынбасары мен әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметінен босатылды. Дәл сол кезде полиция басшыларының бірінің жүргізушісіне қатысты әрекетсіздік бабымен іс қозғалып, оның уақытша ұстау изоляторына қамалғаны белгілі болған.

Войдите, чтобы оставить комментарий