Алматыда ЖИ мен үлкен деректерді дамытуға арналған орталық ашылады
Сеул қаласында Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы ғылым мен технология саласындағы ынтымақтастық жаңа деңгейге шықты. Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы мен Кореяның ғылыми-техникалық ақпарат институты өзара стратегиялық әріптестік туралы келісімге келді. Бұл келісім жасанды интеллект пен үлкен деректер бағытында екі елдің әлеуетін біріктіретін «AI SilkNet» орталығын құруды көздейді. Жаңа орталық Алматыда, Ұлттық ғылым академиясының базасында жұмыс істейді, деп хабарлайды Politico.kz.
Оны екі елдің бірлескен атқарушы комитеті басқарады және жетекшілік кезекпен атқарылады. Бұл өзара тәжірибе алмасуға жол ашатын маңызды қадам саналады. Жиында екі тарап жаңа орталықтың мақсатын түсіндірді. Оның негізгі міндеті – Оңтүстік Кореяның суперкомпьютерлік және талдамалық технологияларын Қазақстандағы зияткерлік әлеуетпен біріктіру. KISTI – Азиядағы ең ірі суперкомпьютерлік орталықтардың бірі. Оның технологиялары негізінде елде ғылыми үдерістерді болжауға, технологиялық даму бағытын анықтауға және стратегиялық шешім қабылдауға мүмкіндік беретін ұлттық болжамды жүйе қалыптасады. Бұл жүйе мемлекеттік басқаруға да, корпоративтік деңгейдегі шешімдерге де көмек бере алады.
Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев бұл әріптестік туралы пікір айтты.
«Біз KISTI Президенті доктор Сик Лидің қолдауын жоғары бағалаймыз және AI SilkNet орталығы ғылым мен технологияның ортақ болашақ жолында елдерді біріктірудің жарқын үлгісіне айналады деп сенеміз. Жасанды интеллект қазіргі кезде стратегиялық ойлаудың басты құралына айналып отыр. Қазақстан үшін бұл реактивті басқарудан болжамға негізделген басқаруға көшу деген сөз. Болашақта сценарийлік талдау мен болжау мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі болмақ», деді ол.
Сессияда орталықтың негізгі бағыттары да таныстырылды. Оның қызметі ғылыми жарияланымдар, технологиялар және патенттер бойынша бірыңғай деректер базасын құруға бағытталады. Сонымен қатар форсайт зерттеулеріне арналған талдау құралдары әзірленеді. Көптілді деректер платформаларын дамыту, технологиялық болжау әдістерін енгізу, білім алмасу және кадр даярлау жұмыстары да негізгі міндеттердің қатарында. Жасанды интеллект экожүйесін дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл экономика, экология және денсаулық сақтау салаларында ЖИ қолдануды кеңейтуге мүмкіндік береді.
Жоба аясында KISTI өз сараптамалық қолдауын көрсетеді. Институт деректерді талдау, технологиялық болжау және аналитикалық құралдарды жасау бағытында тәжірибесімен бөліседі. Сарапшылардың айтуынша, болашақта AI SilkNet орталығының тәжірибесін Орталық Азия елдеріне тарату жоспарда бар. Осы арқылы өңірде деректерге сүйенген болжам жасау және шешім қабылдау жүйесін қалыптастыруға ықпал етіледі.
Бұл әріптестік Қазақстан үшін үлкен мүмкіндік саналады. Оңтүстік Кореяның технологиялық тәжірибесі ғылым мен инновацияны дамытуда тиімділігін дәлелдеген. Қазақстан осы әдістемелерге қол жеткізе отырып, ұлттық басымдықтарды айқындауға және ғылыми-техникалық саясатты нығайтуға жол ашады. Жаңа орталықтың ашылуы Алматыны өңірдегі жасанды интеллект пен үлкен деректерді зерттеу орталықтарының біріне айналдыруға нақты негіз болады.
Соңғы жаңалықтар