Алматыдағы екі жасөспірімнің өлімі: Тың деректер жария болды

02.05.2026 17:30 Қарақат АСЫЛОВА
Алматыдағы екі жасөспірімнің өлімі: Тың деректер жария болды
230
Жасөспірімнің туыстары полицияны айыптап отыр

Алматыда болған жаппай төбелестен кейін қаза тапқан екі жасөспірімнің ісі бойынша жаңа, даулы мәліметтер пайда болды, деп хабарлайды Politico.kz сайты Ulysmedia.kz-ке сілтемемен.

Қайтыс болған 17 жастағы Ешім Қалдыбайдың туыстары оның дер кезінде медициналық көмек ала алмағанын айтып, полиция қызметкерлерін айыптауда.

Марқұмның әпкесінің айтуынша, ауыр жараланған жасөспірімді ауруханаға емес, Алатау аудандық полиция бөліміне алып кеткен. Сол жерде ол бір сағаттан астам уақыт бойы дәрігер көмегінсіз жатқан.

"Бауырымды қансырап жатқан күйінде бөлімшеде ұстап отырды. Жедел жәрдем шақырылмады, ата-анасына хабар берілмеді. Бұл жай ғана салғырттық емес, бұл – нақты шешім", — деп жазды ол әлеуметтік желіде.

Оқиға кезінде Ешім досына араша түспек болған. Алайда төбелес барысында ол да пышақ жарақатын алған. Туыстарының сөзінше, оның жағдайы ауыр болғанына қарамастан, тиісті көмек дер кезінде көрсетілмеген.

Сонымен қатар, отбасы өкілдері жасөспірімнің қайтыс болғаны туралы хабарды полиция қызметкерлері оның 13 жастағы інісіне жеткізгенін айтады. Інісі ағасын іздеп жүріп, өзі полиция бөліміне барған. Кейін ғана жедел жәрдем шақырылып, Ешім ауруханаға жеткізілген. Бірақ ол комаға түсіп, есін жимастан көз жұмды.

Марқұмның жақындары уақытылы медициналық көмек көрсетілгенде оны аман алып қалуға болар еді деп есептейді. Олар істің ашық әрі әділ тергелуін талап етуде.

Ал Алматы қалалық Полиция департаменті аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Оқиғаға қатысы бар барлық тұлғалар анықталып, ұсталған. Қазір күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалған.

"Тергеу барысында әр қатысушының әрекетіне құқықтық баға беріледі. Іс Ішкі істер министрлігі мен департамент басшылығының ерекше бақылауында", — деп мәлімдеді ведомство.

Еске салайық, қайғылы оқиға 30 сәуірге қараған түні болған. Шамамен 10 шақты адам қатысқан жанжал барысында суық қару қолданылып, екі жасөспірім қаза тапты. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий