Алматылық суррогат ана баладан бас тартқан қытайлықтардан 7,5 млн теңгесін ала алмай жүр
Алматылық 27 жастағы Кристина Гаврилюк суррогат ана болуға келісіп, ерлі-зайыптылардан 7,5 миллион теңге сыйақы аламын деп күткен. Алайда кейін биологиялық ата-ана нәрестеден бас тартып кеткен. Сәбиді балалар үйіне тапсырған әйел уәде етілген қаражатты ала алмай жүргенін айтады, деп хабарлайды Politico.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Кристинаның айтуынша, баланың биологиялық ата-анасы – шетел азаматтары. Қазіргі уақытта олар байланысқа шықпай отыр. Қытайлық ерлі-зайыптылардың тапсырысымен Алматыда Кристинаға эмбрион салынған. Жүктілік кезеңінде олар суррогат анаға тұрақты түрде қаржы жіберіп отырған, тіпті ай сайын шамамен 200 мың теңге көлемінде төлем жасап тұрған.
Алайда Кристина жүктіліктің жетінші айында мерзімінен бұрын босанған. Шала туған нәрестені шетелдік тапсырыс берушілер қабылдаудан бас тартқан.
Кристинаның айтуынша, кесарь тілігінен кейін баланы бірден алып кеткен. Біраз уақыттан соң медбике келіп, сәбиді қайтарып бергенін айтқан. Ол кезде нәрестенің жағдайы қалыпты болған. Алғашында биологиялық ата-аналар баланың денсаулығын тексеру үшін түрлі талдаулар жасатуды талап еткен. Нәтижелері жақсы болып, сәби салмақ қоса бастаған. Кейін олар ДНҚ талдауын өткізуді сұраған. Тест нәтижесі баланың солардың перзенті екенін дәлелдеген. Біраз уақыт куратор арқылы байланыс болғанымен, кейін биологиялық ана жауап беруді тоқтатқан.
Кристина дүкенде сатушы болып жұмыс істейді және алты жасар қызы бар. Бұған дейін екі рет суррогат ана болып, екі жағдайда да келісім сәтті аяқталған. Ал үшінші ретте ол уәде етілген сыйақысын ала алмай отыр. Әйел өзіне бөтен баланы тәрбиелеп, жауапкершілік алғысы келмейтінін айтып, сәби туған соң одан ресми түрде бас тартқан.
Оның айтуынша, балаға тек жаны ашитынын, бірақ өз баласы болмағандықтан жауапкершілік ала алмайтынын түсіндірді. Дәрігерлер нәрестенің тастанды бала ретінде тіркелетінін айтқан.
Биологиялық ата-аналар туралы мәлімет аз. Белгілісі – олардың Қытай азаматтары екені. Қазір олардың нақты қайда жүргені белгісіз. Эмбрион салу процедурасы жүргізілген клиника бұл жағдайға қатысты пікір білдіруден бас тартты. Ал суррогат ана полицияға арыз түсірген.
Алматы полициясының ресми өкілі Салтанат Әзірбектің мәліметінше, жүргізілген тексеріс нәтижесінде қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық белгілері анықталмағандықтан, қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы шешім қабылданған. Қылмыстық-процестік кодекстің 79-бабына сәйкес мұндай даулар сот тәртібімен қаралуы тиіс. Сондықтан азаматқа азаматтық талап арызбен сотқа жүгіну ұсынылған.
Қазақстанда суррогат ана болу заң жүзінде рұқсат етілген. Мұндай қатынастар «Неке және отбасы туралы» заңмен реттеледі. Құжатта суррогат ананың медициналық көмек алу, денсаулығын қорғау және келісілген сыйақыны алу құқықтары қарастырылған. Құқық қорғаушылар Кристинаға сотқа жүгінуді ұсынады. Ал баланың биологиялық ата-анасы шетелдік болғандықтан, ол Қытай елшілігі мен Сыртқы істер министрлігіне де өтініш білдіре алады.
Заңгер Ғабит Умирбековтің айтуынша, биологиялық ата-аналарға қатысты қылмыстық іс қозғау мүмкіндігі де бар. Себебі олар ата-аналық міндеттерін орындамай, баласын тастап кеткен және елден шығып кеткен. Бұл әрекет баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін.
Қазіргі уақытта жаңа туған сәби балалар үйінде тәрбиеленіп жатыр. Дәрігерлер оның жағдайы тұрақты екенін айтады. Ұл бала біртіндеп салмақ қосып келеді. Сәбидің болашақ тағдыры мен оған қатысты жауапкершілікті мемлекет өз бақылауына алған.
Последние новости