«Әлназарованы мақтайтын жан емеспін»: Ақбота Керімбекова министрге араша түсті

28.11.2025 13:22 Әсел Мұрат
«Әлназарованы мақтайтын жан емеспін»: Ақбота Керімбекова министрге араша түсті
0
183
Фото: ашық дереккөз. Суретте: Ақбота Керімбекова

Танымал әнші Ақбота Керімбекова күні кеше ұшақта жолаушыға алғашқы көмек көрсеткен денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға араша түсті, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

«Біздің өміріміздің көбі әуеде өтеді. Жердегі жолдың бойы қауіп пен қатерге қалай толы болса, әуенің жолы да солай, тек, айырмашылығы — аспанда уақыт, мүмкіндік аз. Дәл осындай қысылып қалудың талайын көрдік ұшып-қонып жүріп. Құдайға шүкір, бәрінде жақсы адамдар табылады. Мына уақиғаның да соңы немен аяқталары белгісіз еді, егер, денсаулық сақтау министрі дәрігер екенін ұмытып, таза шенеунікке айналып кетсе…
«Мен министрмін, әрі тұр», — деп зіркілдемей, «мен дәрігер едім», - деп жәй ғана ишарат білдіріп, алғашқы көмекке кіріскені көп нәрсені аңғартып тұрған жоқ па?! Жалпы Әлназарованы мақтайтын, оған жағынатын себеп іздеп жүрген жан емеспін. Бірақ біздің қоғам қарапайым адамгершіліктің өзін қабылдай алмайды. Егер осы жағдайдың соңы өкінішті болса, «бортта министр отырыпты, міне, біздің медицинаның деңгейі» деп шулар едік», — дейді Керімбекова.

Ақбота Керімбекова министрдің бұл әрекетін ерекше бағалап, адам жанының арашасы екенін айтты. 

«Ал енді көмектесті, оны қарапайым сапарлаушы түсіріп алып, желіге салды. Соны басқаша құбылтып әлекпіз келіп. Неге солай? Біздің қазақтың қыздарының мықтылығы осы — бұның алдында әрнәрсені айтып, итше талап жатқанда да міз баққан жоқ, шаруасын жасай берді. Бұл жолы да сөйтеді деп ойлаймын. Бірақ біз — қоғам, пайдамызды тигізбесек те, зиянымызды тигізбеуіміз керек қой. Ол дәрігер ғой — адам жанының арашашысы ғой!

Ажалдың алдына түбі бір баратынымыз сияқты дәрігердің де алдына түбі бір барамыз ғой. Сол кезде дәрігерлер «ақыры алдыма келдің бе?!», — деп кеудемсоқтанбас, бірақ, бізді ар дейтін дүние сәл де болса мазалауы керек қой!.. Медицинаның кемшіліктерін айтып, қажып жүргендерді түсінемін, расында, мінсіз емес, көп қателік бар. Бірақ дәл осы әуе кемесіндегі жағдайды желіден көріп, оны да әртүрлі пиғылда пайдаланып жатқандардікі енді, сорақылық!

Сіз дәл осы әрекетіңізбен бір қазақтың қызына жәрдем бердіңіз, министр ханым! «Әр Қазақ — менің жалғызым» дейтін біздің халық үшін бұл да үлкен адамгершілік! Дәл осылай, Қазақстан медицинасы бар Қазақтың қажетіне жарап, алғысына бөлене берсін!», — деп жазды ол.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий