Ғалымдар Астананы тасқыннан қорғайтын экожүйенің моделін жасап шығарды
524
Назарбаев университеттің Таукен ісі және жер туралы ғылымдар мектебінің постдокторанты Маржан Байғалиева Германияның Дрезден техникалық университеті гидроғылымдар кафедрасының ғылыми қызметкері Каталин Стефанмен бірге Астана маңайындағы табиғи су көздерін тиімді басқару жобасын қолға алды.
Қазір ғалымдар жобаны коммерциялық сатыға шығару жұмыстарымен айналысып жатыр. Бұл іс сәтті аяқталса, биыл қазан айында нақты жұмысқа кіріспек. Ал 2026 жылдың қазанында жоба қала игілігіне жұмыс істей бастауы керек. Қарапайымдап айтсақ, бұл жоба Астана аумағына көктен жауатын және үстірт аумақтардан ағып келетін жауын-шашынның суын тұрғындарға қолайсыздық туындатпай игеріп, жерасты суының деңгейін үнемі бақылауда ұстап отыруға құрылған. Ол үшін екі кезеңмен әрекет ету жоспарланған.
Бірінші кезеңде қаланың Талдыкөл сияқты стратегиялық нүктелерінде мониторинг полигондары орнатылады. Ол полигондар ғарыштан спутник арқылы алынған Астананың айналасындағы қар мен ылғал туралы топографиялық деректерді өңдеп, жерасты суларының деңгейіне қарай отырып жасанды зейіннің көмегімен тасқындарды болжауға қолданылады.
Екінші кезеңде осы болжанған тасқындардың алдын алуға мүмкіндік беретін экожүйе құруға бағытталған. Ол үшін ғарыштан алынған кескіндер мен жерасты суларына жүргізілген барлау жұмыстарының қорытындыларын, кейінгі жылдардағы тасқын деректерін таразылай отырып ылғал көп жиналатын тұстар анықталады. Осы анықталған орындарға ылғал мен қар тоқтататын жасыл желек егіледі. Ал үнемі ылғал беті шығып, батпақтанып жататын тұстарға арнайы ұңғымалар орнатылады. Ол ұңғымалар жер қыртысындағы артық суды тазартып, қаланың су жүйесіне бағыттап отырады.
Германиялық ғалым Каталин Стефан климаты жыл сайын жұмсарып келе жатқан Астана үшін аталған жобаның пайдасы көп болады деп отыр.
«Климаттың өзгеруі мен урбанизацияның әсерінен Қазақстандағы қалалар көктем мен жазда тасқыннан зардап шеге бастағанына да біраз уақыт болды. Сонымен бірге жаздың құрғақ айларында су тапшылығы сезіліп жүр. TERESA жобасының идеясы жер бетіндегі су мен жер астындағы суды тиімді басқару мақсатынан туындады. Тасқыннан қорғап қана қоймай, көктемде жер-көкке сыймай кететін суды жаздың құрғақ айларында керекке жарату ұсынылып отыр», — дейді ол.
Соңғы жаңалықтар
01.05.2026
01:04
Қазақмыс Аягөзде ипподром мен балалар алаңын са...
30.04.2026
23:27
Алматыдағы қанды төбелес: 2 жасөспірім қаза тау...
30.04.2026
23:19
Іздеудегі Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласы ҚТЖ-ғ...
30.04.2026
22:34
«Дұғада болыңыздар!»: Қайсар Қамза өз жағдайына...
30.04.2026
21:42
Қазақстандықтар есту қабілеті нашар азаматтарды...
30.04.2026
20:45
Светлана Пак: Алмас Сұлтанғазин әкемнің Sulpak-...