Аналардың жанайқайы Ақордаға жетіп, Бас прокурор қаралы отбасыларды жеке қабылдайтын болды
Еліміздің Бас прокуроры Берік Асылов Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Бас прокуратура мен Бас әскери прокуратура басшылығы әскерде қаза тапқан және жарақат алған әскери қызметшілердің аналарын жеке қабылдайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Берік Асылов бұл кездесулерде айтылатын әрбір жайтқа жіті назар аударылатынын атап өтті.
«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Бас прокуратура мен Бас әскери прокуратура басшылығы қаза тапқан және жарақат алған әскери қызметшілердің аналарын қабылдайды. Олардың әрбір уәжі назардан тыс қалмайды. Сондай-ақ әскери қызметшілердің қаза табуы мен жарақат алуын болдырмау жөніндегі жұмыстарға, әскери қызметке шақырудың заңдылығына және медициналық қызметтің қорытындыларының негізділігіне баға беріледі. Осы жұмысқа Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық ұланның орталық аппараттарының өкілдері тартылды», — деп жазды Бас прокурор.
Еске сала кетейік, 10 қараша күні Астанадағы Министрліктер үйінің алдына балалары әскерде қаза болған аналар жиналып, наразылық акциясына шыққан болатын. Аналар сарбаздардың өлімі тоқтауын, істер бойынша әділ тергеу мен әділ сот жүргізілуін талап етті.
Дәл сол күні кешке Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокурорға шұғыл тапсырма беріп, аналардың арыз-шағымдарын 12 күн ішінде қарастыруды және істерді тергеу барысында заңның сақталуына толық баға беруді жүктеген еді.
Соңғы жаңалықтар