Анасы полицияның Нұрайға қалай қысым көрсеткенін айтып жылады
Шымкентте 35 мәрте пышақ жарақатынан көз жұмған 21 жастағы Нұрай Серікбайдың ісіне қатысты сот отырысында марқұмның анасы полиция қызметкерлері қызына қысым көрсетіп, арызын қайтарып алуға мәжбүрлегенін мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында 28 шілде күні өткен басты талқылау барысында марқұмның анасы Айгүл Сағынбек қызын ұрлап әкеткеннен кейін полиция бөлімінде болған жағдайды баяндады.
Оның сөзіне қарағанда, құқық қорғаушылар бойжеткенді ұзақ уақыт ата-анасынан оқшаулап, психологиялық қысым көрсету арқылы шағым жазбауға үгіттеген. Полиция қызметкерлері айыпталушының енді маңайламайтынына уәде беріп, қызды "өз еркіммен кеттім" деген жалған бейнежазба түсіруге мәжбүр еткен. Осы бейнежазбаның кесірінен келесі күні прокуратура отбасының адам ұрлау және полицияның қысымы туралы шағымын қабылдамай қойған.
«Бізді қызымызға ұзақ уақыт жолатпады. Кейін Нұрай полицейлер мен тергеушінің: "Бұл жігіттің 20 жылға сотталғанын қалайсың ба? Осындай күнәні мойныңа алуға дайынсың ба? Кейін қалай өмір сүресің?" — деп айтқанын жеткізді», – деді Айгүл Сағынбек.
Сотта жауап берген марқұмның әкесі Бауыржан Сағынбек айыпталушы Шерхан Аймаханның қызды күштеп көлікке отырғызып, телефонын тартып алғанын жеткізді.
Ер адамның айтуынша, күдікті қызды Алматыдан алып қашқан кезде көлік рөліне жармассаң екеуміз де өлеміз деп қорқытқан. Кейінірек айыпталушының туыстары шақырусыз келіп, болған жағдайды құда түсу дәстүрі ретінде көрсетпек болғанда, отбасы жанжал шығарып, полиция шақыруға мәжбүр болған. Сонымен қатар қыздың келісімінсіз аударылған ақшаны әкесі балалар қайырымдылық қорына аударып, сотқа банк түбіртектерінің көшірмелерін ұсынған.
«Егер құқық қорғау органдары біздің арыздарымызға дер кезінде әрекет еткенде, бұл қайғылы жағдай болмас еді», – деді Бауыржан Сағынбек.
Марқұмның жақын құрбысы Ақсезім Шаттық Нұрайдың айыпталушыға тұрмысқа шығуды ешқашан жоспарламағанын, керісінше одан қатты қорқып жүргенін растады. Оның мәліметінше, қазан айындағы алып қашу оқиғасынан кейін жігіт қызды аңдуын тоқтатпай, университетіне барып, достары арқылы іздестірген. Нұрай Серікбай қорғанғандықтан телефон нөмірін бірнеше рет ауыстыруға мәжбүр болған, ал қыздар қауіпсіздік үшін пәтерлерін ауыстыруды жоспарлап үлгермеген.
«Шерхан оны алып қашқан кезде жанармай құю бекетінде Нұрайды күштеп көлікке отырғызып, телефонын тартып алды, кейін Нұрай маған Аймаханның өзін алдағанын және психологиялық қысым көрсете бастағанын айтты», – деді Ақсезім Шаттық.
Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, мектепті үздік бітіріп, Италияда сәнгер болып жұмыс істеуді армандаған 21 жастағы Нұрай Серікбай 11 қаңтарда Шымкентте қаза тапқан. Айыптау тарапы жігіттің қызға 35 рет пышақ салғанын мәлімдеді. Шерхан Аймаханға некеге мәжбүрлеу, адамды аңду және аса қатыгездікпен кісі өлтіру баптары бойынша айып тағылып отыр. Бұған дейін автокөлік ұрлау ісіне де аты іліккен айыпталушы өз кінәсін мойындамай, қылмысты аффект жағдайында жасадым деп түсіндірген. Кінәсі дәлелденген жағдайда ол өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Отырыс соңында жәбірленуші тараптың адвокаты адам ұрлау арызы бойынша шешім қабылдаған тергеуші мен прокурорды сотқа шақыруды талап етті. Сот бұл өтінішті кейінірек қарайды, ал келесі сот отырысы 31 шілдеге белгіленген.
Соңғы жаңалықтар