Әнші әйелдерге: Әке-шешелерің сүмірейіп таяқ жеу үшін туған жоқ

26.08.2026 15:09 Томирис САҒЫНДЫҚ
Әнші әйелдерге: Әке-шешелерің сүмірейіп таяқ жеу үшін туған жоқ
47
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Отбасындағы қарым-қатынас пен балаға берілетін үлгі-өнеге төңірегінде танымал өнер иесі Жеңіс Ысқақова өз пікірін білдірді. Әнші әйелдердің тұрмыстық қысымға төзбеуі керектігін атап өтіп, ананың мінез-құлқы өсіп келе жатқан ұрпақтың болашақ психологиясына тікелей әсер ететінін алға тартты, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы Жеңіс Ысқақова Oilau подкастында әңгімеледі.

«Нұқып жатқанда сүмірейіп отыра беретін келіншектерге айтатыным: «Сені әкең мен шешең сүмірейіп, таяқ жеп отыру үшін туды ма?» Сенің сүмірейіп отырғаныңды көрген қыз сенен қандай тәрбие алады?! Сенің сүмірейіп отырғаныңды көрген ұлың сенен қандай тәрбие алады?! Бүкіл тәрбие, отбасындағы тәрбие — бұл шешеден. Әкені де асқар тау қылып көрсететін де — шеше, әзірейіл қылып көрсететін де — шеше. Аяғында бізді шешеміз әкемізбен қорқытатын: «Ей, әкелерің демалып жатыр, шуламаңдар!», «Ей, әкелерің шай ішіп жатқанда миын ашытпаңдар!» Ол бізді қорқытып, әкемізді биікке қойып қойды. Ал кеше мен бір әлеуметтік желіде көрдім: бір оңбаған хайуан әкесін сабап жүр. Ол қайдан келген сонда?! Кейде ойлаймын, осындай сәттердің түбіріне қарау керек», — деді әнші.

Сондай-ақ өнер иесі өз өмірінде куә болған оқиғаны мысалға келтіре отырып, баланың ата-анаға деген құрметсіздігі ұяда көрген теріс үлгінің салдары екенін айтты. Оның сөзінше, отбасындағы зорлық-зомбылық пен қатыгездік ұрпақтан-ұрпаққа өтіп, болашақта баланың өз отбасын да солай басқаруына әкеп соғады.

«Өткенде бір дүкеннен шығып, үй жаққа қарай бара жатсам, бір кішкентай, 7-8 жасар бала... Бір келіншек орамал таққан, бәрі жабық, телефон қарап келе жатыр. Баласы артынан аңырап, жылап келе жатыр. Бір кезде келді де шешесін бір ұрды. «Бүйтпе, бүйтпе!» деді де, келді де аяғымен тепті. Анау үндемей келе жатты, сосын мен тоқтадым. Шыдай алмай кетіп: «Ей, дедім, сен кімге сөйлеп келе жатырсың?!» дедім. 7-8-дегі бала деген есін білген бала ғой. Ол шешесіне қазір айғайлап тұрса, ертең не істемейді ол?! Ол, шешесіне әкесінің айғайлағанын көрген адам болып тұр. Ол «шешеге айғайлауға болады, қол көтеруге болады, тебуге болады» деп тұрған адам. Ол ертең әйелін де солай ұстайды. Менің айтатыным: «Ұяңда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген. Мінекей, бүкіл тәрбие, дәстүр отбасынан басталуы керек!» — деді жұлдыз.

Войдите, чтобы оставить комментарий