“Ақ туфлимен мектепке бару мұң болды”: Құлсарыдағы жаңа мектепке апарар жолға қатысты дау туындады
Атырау облысының Құлсары қаласында жаңа оқу жылында пайдалануға берілген №26 мектептің айналасындағы жол мәселесі тұрғындардың наразылығын тудырды, деп хабарлайды Politico.kz.
1200 оқушыға арналған білім ордасында заманауи кабинеттер, спорт залдары, робототехника кабинеті, бейнебақылау жүйесі және полиция бекеті қарастырылған. Алайда мектепке жаяу жететін оқушылар үшін тротуар жасалмаған.
Жаңбыр жауған кезде мектепке апаратын жол батпаққа айналады. Соның салдарынан балалардың киімі мен аяқ киімі мектепке жеткенше ластанып қалады. Әсіресе бірінші сыныпқа барған оқушылардың ақ колготкиі мен аяқ киімі батпақтан бүлінетінін тұрғындар айтып отыр.
Осыған байланысты Құлсары тұрғындары Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақовқа мәселені шешуге көмектесуді сұрап, үндеу жолдаған.
«Жаңа әрі әдемі №26 мектеп салынғанына қуаныштымыз. Алайда жаңбыр жауған кезде балалар осындай жағдайда мектепке баруға мәжбүр. Оқушылардың қауіпсіз әрі таза жолмен қатынауы үшін тротуар салып беруді сұраймыз», – делінген тұрғындардың үндеуінде.
Айта кетейік, мектеп ашылар алдында нысанды облыс әкімі өзі барып көрген. Сол кезде білім ордасының оқу кабинеттері, спорт алаңдары, асханасы мен қауіпсіздік жүйелері таныстырылған. Әкім мектепті ғана емес, оған қатысты инфрақұрылымды да оқу жылына толық дайындауды тапсырған.
Алайда оқу жылы басталғаннан кейін алғашқы жаңбыр мектеп маңындағы жаяу жүргіншілер жолының мәселесін бірден көрсетіп берді. Қазір оқушылар заманауи мектепке апаратын жолдың соңғы бөлігін батпақ кешіп өтуге мәжбүр.
Соңғы жаңалықтар