Ақмола облысында екі баланың анасын өлтірген ер адамға үкім шықты
Ақмола облысының Щучье қаласында Әсем Қонысбайқызының өліміне қатысты сот үкімі шықты. Бұрынғы жігіті Алмаз Мадиев 10 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Politico.kz.
Ақмола облысы Бурабай аудандық сотының хабарлауынша, ер адам Қылмыстық кодекстің 106-бабының 3-бөлігі бойынша, абайсызда адам өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін сотталған.
Сотта анықталғандай, Әсем мен Алмаз 2024 жылдан бері бірге жұмыс істеп, кездесіп жүрген. Қызғаныш салдарынан араларында жиі жанжал туындаған. Бірнеше рет айырылысып, кейін қайта татуласқан.
2026 жылғы маусымда екеуі қарым-қатынастарын анықтау үшін ер адамның пәтерінде кездесіп, алкогольдік ішімдік ішкен. Қызғаныштан туындаған жанжал кезінде Алмаз Әсемнің беті мен денесіне жұдырықпен бірнеше рет соққы жасаған.
Әйел есінен танып қала бастағанда ер адам жедел жәрдем шақырған. Әсем ауруханаға жеткізілгенімен, есін жимастан қайтыс болған.
Сараптама қорытындысы бойынша, әйел бауырының жарылуынан болған ішкі қан кету мен геморрагиялық шок салдарынан көз жұмған. Оның іш және кеуде қуысы жарақаттанып, қабырғасы сынған. Денесінен соғылу, қанталау және сырылу іздері анықталған.
Сот ер адамның кінәсі өзінің және куәлардың айғақтарымен, оқиға орнын тексеру хаттамасымен, сараптама қорытындыларымен және басқа да дәлелдермен расталғанын хабарлады.
Сотталған азаматтан жәбірленуші тараптың пайдасына 12 миллион теңге моральдық өтемақы, сондай-ақ материалдық залал мен өкілдің қызметіне жұмсалған жалпы 2 миллион теңге өндірілетін болды. Азаматтық талап ішінара қанағаттандырылды.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін Әсемнің әпкесі әлеуметтік желіде сіңлісінің бұрынғы жігіті айырылысуды қабылдай алмай, оның қыр соңынан қалмағанын жазған еді. Айтуынша, ер адам Әсемді кездесуге көндіріп, жалдамалы пәтерде түні бойы ұрып-соққан.
Марқұмның артында 6 және 8 жастағы екі баласы қалды.
Соңғы жаңалықтар