Ақмола облысындағы жол апатынан кейін 4 күндік нәресте жансақтау бөлімінде жатыр
Ақмола облысында «Астана - Петропавл» автожолында болған апатта алты адам зардап шекті, олардың екеуі - бала. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, төрт күндік нәресте жасанды тыныс алу аппаратына қосылып, жансақтау бөлімінде жатыр, жағдайы ауыр, деп хабарлайды Politico.kz.
Полицияның хабарлауынша, 7 қарашада «Астана - Петропавл» автожолының 312-шақырымында Volvo жүк көлігі, Hyundai Genesis және Lada Granta автокөліктерінің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болды. Нәтижесінде Hyundai Genesis көлігінің жүргізушісі мен төрт жолаушысы әртүрлі дене жарақатымен медициналық мекемеге жеткізілді. Оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады.
Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасы алты адам зардап шекті деп хабарлады, олардың екеуі - бала. Екі баланың екеуі де көпсалалы облыстық балалар ауруханасына жатқызылған. Төрт күндік нәресте жансақтау бөлімінде жасанды тыныс алу аппаратына қосулы, жағдайы ауыр деп бағаланады. Екінші баланың жарақаты бар, ол ауруханада емделіп жатыр.
Көпсалалы облыстық ауруханаға екі ересек адам жатқызылған. Олардың бірі ауыр жарақат, көгерулер мен сүйек сынықтарымен жансақтау бөлімінде жатыр, екіншісі травматология бөлімінде емделуде. Тағы бір зардап шегуші амбулаториялық емге жіберілді, бір адам ауруханаға жатудан бас тартты.
Еске салайық, бұған дейін Петропавлдағы №2 емхана қызметкері мен оның күйеуі жол апатынан қайтыс болған еді.
Соңғы жаңалықтар