Ақнәрдің өлімі: қыздардың бірі оны өлімші етіп сабағаны белгілі болды

12.12.2025 16:46 Мөлдір Талғат
Ақнәрдің өлімі: қыздардың бірі оны өлімші етіп сабағаны белгілі болды
0
500
Фото: ашық дереккөз

Алматыда жетінші қабаттан құлап қаза болған 22 жастағы Ақнәр Хамиттің анасы Гүлстан Хамит оқиғаға қатысты жаңа деректерді жария етті, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

Оның айтуынша, қайғылы оқиға куәгері болған қыздардың бірі Дидар Мұқияттың өзі мен енесі келіп, марқұм мен құрбысы Рано арасында төбелес болғанын айтқан. Бұл туралы анасы Астанада адвокаты Инга Иманбаймен бірге өткізген баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Адвокат Инга Иманбай тергеудің созылып кеткенін, айғақтар жоғалып, тергеу тарапынан заңбұзушылықтар орын алғанын атап өтті.

“Қазақстанда қылмыскерді жазалау өте қиын. Анасы барлық дәлелді өзі тауып берді, бірақ әділдік жоқ. Істі бес ай бақылап келемін — нәтиже жоқ. Тергеу ‘өзін-өзі өлтіруге жеткізу’ бабымен ғана жүріп жатыр, сондықтан да қыздар бостандықта жүр”, – деді ол.

Гүлстан Хамит те тергеу барысындағы заңсыздықтар туралы айтты. Оның сөзінше, іс Антикорға берілген соң материалдардың бір бөлігі жоғалып кеткен, ал қыздарды сұрақ-жауапқа шақыру туралы сұрағына тергеушілер нақты жауап бермеген.

“Алматы құқық қорғау органдарына берілген дәлелдердің жартысы жоғалып кетті. Қызымның заттары бірнеше күннен кейін ғана алынды. Неге сонша кеш алған?”, – деді ол.

Баспасөз мәслихатында анасы Дидардың соңында берген маңызды жауабын да жариялады: оның айтуынша, асүйде төбелес болып, дәл сол жанжал кезінде Ақнәрды итеріп жіберуі мүмкін деген мәлімет алғаш рет айтылған.

“Олар 20–30 минут төбелесті. Кейін тынышталды. Дәретханаға барсам, Рано отыр, шашы жалбырап кеткен. ‘Ақнәр қайда?’ десем, білмейтінін айтты”, – дейді Гүлстанның сөзінше Дидар.

Сонымен қатар, полицейлердің Раноның бетінде болған сызаттарды өзіне суретке түсіріп, бастыққа жіберуді талап еткені де күмән туғызған.

“Күдікті өз жарақатын неге өзі суретке түсіруі керек?”, – деп қынжылды ана.

Ақнәр Қытайдан келген этникалық қазақ, КИМЭП университетінің студенті болған. 2024 жылдың 20 шілдесіне қараған түні ол жетінші қабаттан құлап қаза тапты. Оқиға кезінде қасында болған Рано Асқар мен Дидар Мұқият – Қытай азаматтары болған. Анасының айтуынша, сол түні Ақнәрді үйіне Раноның өзі шақырған.

Ол тергеудің салғырттығын атап өтіп, іс материалдарының жоғалуы мен қыздардың шетелге еркін шыққанына назар аударды.

“Тергеу жүріп жатқанда бірі Қытайға шығып қыдырды, екіншісі Қазақстан азаматтығын алды. Бұған жол берілмеуі тиіс. Алматының құқық қорғау органдарына сенбеймін. Істі Астанаға алдырып, адам өлтіру бабы бойынша қайта саралауды талап етемін”, – деді марқұмның анасы.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий