АҚШ Йемендегі хуситтерге қарсы әскери әрекеттерді бастады

АҚШ президенті Дональд Трамп Йемендегі хуситтерге қарсы «шешуші және қуатты» әскери операцияны бастауға бұйрық берді. Бұл туралы ол Truth Social әлеуметтік желісінде жазды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Оның айтуынша, АҚШ қарулы күштері «дәл қазір» хуситтердің базаларына, жетекшілеріне және зымыранға қарсы қорғаныс жүйелеріне әуе шабуылдарын жасап жатыр. Бұл операция АҚШ кемелерін қорғау және Қызыл теңіздегі кеме қатынасының еркіндігін қалпына келтіру мақсатында жүргізілуде.
Трамп хуситтерді «тоқтаусыз қарақшылық, зорлық-зомбылық және терроризм» жүргізіп отыр деп айыптады. Ол сондай-ақ бұрынғы президент Джо Байденнің әрекеттерін жеткіліксіз деп бағалап, хуситтердің шабуылдарын жалғастыруына оның әлсіз саясаты себеп болды деп мәлімдеді.
Трамптың айтуынша, әуе соққылары хуситтер кеме қатынасына шабуыл жасауды тоқтатқанға және аймақтағы қауіпсіздік қалпына келгенге дейін жалғасады. Ол сондай-ақ Иранға хуситтерге қолдау көрсетуді «бірден тоқтатуды» талап етіп, егер Тегеран араласуын жалғастырса, оны жауапқа тартатынын ескертті.
Хуситтерге тиесілі Al Masirah телеарнасының хабарлауынша, АҚШ әуе күштері Йемен астанасы Санаға соққы берген. Хуситтер басқаратын денсаулық сақтау органдарының мәліметі бойынша, АҚШ-тың әуе соққылары салдарынан кемінде тоғыз адам қаза тауып, тағы тоғыз адам жараланған.
Соңғы жаңалықтар





