«Ақша сұрады»: Таразда ер адамның өліміне дәрігерлер айыпталуда
Таразда 39 жастағы Мұхтар Исабековтің отбасы оның өліміне дәрігерлерді кінәлап отыр, деп хабарлайды POLITICO.KZ Almaty.tv-ға сілтеме жасап.
Марқұмның туыстары науқастың қатты ауырсынып, жағдайының нашарлауына қарамастан, медициналық көмек уақытылы көрсетілмеген деп санайды. Мұхтар жыл басында кеудесінің ауырып, әлсізденгеніне шағымданып ауруханаға барған. Алайда, жақындарының сөзінше, дәрігерлер алдымен «орын жоқ» деген сылтаумен оны ауруханаға жатқызудан бас тартқан.
Кейінірек, олардың айтуынша, медицина қызметкерлері емдеуді бастау үшін «рахметін беру» керектігін аңғартқан.
«Олар уақытты созды, ақша сұрады – біз тексеру жүргізсе болды деп бердік. Қазір ақшасыз ешкім ештеңе жасамайды. Онда дәрігерлер антын орындамаса, оны не үшін береді?» – деді ашынған марқұмның ағасы Сәкен Исабеков.
Бұл оқиғаның ең ауыр тұсы, Мұхтарды ауруханаға жатқызғаннан кейін оның жағдайы күрт нашарлап кеткен. Анасы Гүлнар Исабекова ұлының үйге бірнеше рет телефон соғып, ауырсынуға шыдай алмайтынын айтып, өзін алып кетуді жалынғанын есіне алады. Көп ұзамай 39 жастағы ер адам көз жұмды.
Дәрігерлердің бастапқы қорытындысында «өкпедегі сұйықтықтың аз мөлшері» деп көрсетілген. Алайда, денені ашу кезінде бір жарым литрге жуық сұйықтық анықталған. Тәуелсіз сараптама да немқұрайлылық пен уақытылы ем көрсетілмегенін растап отыр.
Оқиғаның болғанына бір жылға жуықтаса да, тергеу әлі аяқталмаған. Негізінде екі айда бітуі тиіс іс созылып кеткен.
«Іс бір орында тұр. Біз қалаға, облысқа, Астанаға жаздық – жауап жоқ, тексеру жоқ», – дейді марқұмның анасы.
Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Байжан Байгелді тергеудің жалғасып жатқанын айтты.
«Тергеу мерзімі – екі ай. Егер қосымша әрекеттер қажет болса, прокурор арқылы тағы үш-төрт айға ұзартамыз. Дәрігерге қатысты сараптамалар тағайындалды. Қосымша сот-медициналық комиссиясы жоспарлануда», – деп атап өтті Байгелді.
Полиция істі сотқа дейін жеткізетініне сендіргенімен, марқұмның туыстары әділдікке қол жеткізе алатындарына күмәнмен қарайды.
Соңғы жаңалықтар