Ақтөбеде департамент басшысы мен мектеп директорлары пара алғаны үшін сотталды

23.11.2025 18:44 Арман Ермеков
Ақтөбеде департамент басшысы мен мектеп директорлары пара алғаны үшін сотталды
0
308
Иллюстрация ЖИ

Ақтөбеде білім саласындағы жемқорлыққа қатысты шулы сот процесі аяқталды. Департамент басшылығы мен бірнеше мектеп директоры пара алғаны және бергені үшін жазаға тартылды, деп хабарлайды Politico.kz сайты «ҚазАқпарат» ХАА-не сілтеме жасап.

Ақтөбе қалалық №2 сотының қарауында болған іс бойынша төрт адам жауапқа тартылды. Олардың арасында облыстық білім сапасын қамтамасыз ету департаментінің бөлім басшысы Асқар Кемешов, №74 мектеп-лицейінің директоры Гүлзат Бақтарбаева, Нарқызыл негізгі мектебінің басшысы Алтынгүл Төлегенова және Ырғыз аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Алмагүл Бекниязова бар.

Тергеу мәліметінше, бармақ басты, көз қысты әрекет аттестация кезінде болған. Шенеунік Кемешов мектеп директорларына тексерістен еш кедергісіз, сүрінбей өткізіп беремін деп уәде етіп, екі басшыдан жалпы сомасы 100 мың теңгеден астам пара алған. Ал сектор меңгерушісі Бекниязова бұл саудада делдалдық қызмет атқарған.

Сот процесі кезінде айыпталушылардың барлығы дерлік жасаған істеріне өкініп, бас бостандығынан айырмауды сұрады.

Басты фигурант Асқар Кемешов сот алдында басын төмен салып, отбасындағы жағдайын алға тартты.

«Шыны керек, жағдайым қиын. Үйде кәмелетке толмаған үш балам бар, оның үстіне ата-анам да аурушаң, менің күтіміме мұқтаж. Қателігімді түсіндім, қатты өкінемін», – деп ақталды экс-шенеунік.

Ал №74 мектептің директоры Гүлзат Бақтарбаеваның уәжі өзгешелеу болды. Ол қылмысқа өз еркімен емес, қысыммен барғанын айтып, араша сұрады.

«Мені тығырыққа тіреді, психологиялық қысым жасап, тәуелді етіп қойды. Тіпті, сараптама қорытындысы да менің қорқыныш пен үрей үстінде болғанымды, еркімнен тыс әрекет еткенімді растады ғой. Егер адамды қорқытып, мәжбүрлеп ақша алса, ол пара беруші болып саналмауы керек еді», – деп шырылдады педагог.

Дегенмен Фемида өкілдері заңның аты заң екенін көрсетті. Сот үкімімен төртеуі де кінәлі деп танылды.

Енді олар мемлекет қазынасына қомақты қаржы құюға міндеттелді:

  • Пара алған Асқар Кемешов алған сомасынан 60 есе көп, яғни 7 миллион теңге айыппұл төлейді;
  • Пара берген Гүлзат Бақтарбаева – 1 млн 50 мың теңге;
  • Алтынгүл Төлегенова – 750 мың теңге;
  • Делдал болған Алмагүл Бекниязова – 500 мың теңге төлеуі тиіс.

Ең ауыр жаза ақшада емес, мансапта. Сотталған төрт азаматқа да бұдан былай мемлекеттік органдарда, квазимемлекеттік секторда және банк жүйесінде қызмет етуге өмір бойына тыйым салынды.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий